21.03.2019, 17:58
Қараулар: 5
Нұрын төккен Наурыз!

Нұрын төккен Наурыз!

Бүгін Жәнібек ауданының орталық алаңында 2036 әскери бөлімі Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын атап өтті. Аудан әкімі Азамат Сафималиев пен 2036 әскери бөлімінің командирі, подполковник Азамат Дабынов  мерекеге жиналған көпшілікті қызу құттықтап, зор денсаулық пен бақ-береке тіледі.

Мерекелік шарада шекара қызметкерлері бес ауылға бөлініп, қазақ халқының салт-дәстүрлерін көрсетіп, бақтарын сынады. Дәлірек айтатын болсақ, «Достық» ауылы «Келін түсірсе», «Темір тұлпар» ауылы «Беташар» рәсімін көрсетті. «Көктем» ауылы сәбиді бесікке салса, «Бәйтерек» ауылы «Тұсау кесу» салтына тоқталды. «Болашақ» ауылы сүндетке отырғызу дәстүрін ұсынды. Сонымен қатар жиналған қауым әр ауылдың арнайы дайындаған киіз үйлерінен қазақтың ұлттық тағамдарынан ауыз тиіп, өз бағаларын берді. Ұсынылған тағамдардың арасынан оңтүстіктің сірнесі мен көжесі көзге түсіп, ерекше дәмімен тұрғындарды тамсандырды.

Әділқазылар алқасының шешімімен бірінші орынды басқалардан оза шауып, «Тұсау кесу» салтын жоғарғы деңгейде көрсеткені үшін «Бәйтерек» ауылы жеңіп алды. Ортада өнер көрсеткен барлық ауылдарға да дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Гүлзара МӘДИ