22.03.2019, 16:06
Қараулар: 13
Жан біткенді жылуымен жібіткен Наурыз!

Жан біткенді жылуымен жібіткен Наурыз!

Береке-бірлікті, ынтымақты тірлікті, жақсылықты, мейір-шапағатты, кең пейілді, көктемнің жылу шуағын өзімен бірге ала келетін Наурыз ауданымызға да келіп жетіп, баршаға қуаныш пен мереке сыйлады. Мерекеге орай Көршілес Ресей Федерациясы Волгоград облысының Волжск қалалық округі мен Палласовка ауданынан бір топ делегация келді. Аудан әкімі Азамат Сафималиев пен аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов қонақтарға «қош келдіңіз» айтып, жылы лебіздерін жеткізді. Бұдан соң Волгоград облысы Волжск қаласының басшысы Игорь Воронин мен Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев екі жақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Аудан басшысы меймандарға, яғни Волжск қаласының басшысы Игорь Воронин мен Палласовка ауданы әкімшілігінің аумақтармен жұмыс бөлімінің басшысы Алексей Саитовқа «Қазақстан-Ресей – мәңгі достық» атты кәдесыйды тарту етті. Әрмен қарай қонақтар аудандық саз мектебі мен музей бөліміне ат басын тіреп, бірнеше қызықты мағлұматтарға қанықты.

Күн мен теңелетін, халықтың ауызы аққа толатын, малдың ауызы көкке кенелетін шақта тойланатын мерекені Жәнібек тұрғындары барлық салт-дәстүрді, өзіндік мәнері, әдет-ғұрып, сән-салтанатымен тойлады. Мерекеге жиналған жұртшылықты ауылдың әжелері әнмен қарсы алып, ұлттық киім киген тұрғындар бір-бірімен құшақ айқастыра қауышып, ұлтымыздың ежелден келе жатқан ғұрыптарын бұл күні тағы бір айшықтай түсті. Бір топ ауыл жастары жылқы мініп, Наурыз тойдың басталғанын хабар етті. Жаңа жылды тойлауға келген қауымға тай қазаннан шыққан бауырсақ пен көже ұсынылды. Шашу шашылды, әндер айтылды, би биленді. Қазақтың ұлттық спорт ойындары ойналып, «Наурыз базарлықта» ұсынылған дәмді тағамдардан ауыз тиілді.

Ортаға аудан әкімі Азамат Сафималиұлы шығып, жәнібектіктерді Наурыз мерекесімен құттықтады.

— Құрметті жерлестер! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз мейрамы бүгінде еліміздегі жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдеріне ортақ сүйікті мерекеге айналды және көне салт-дәстүрімізді сақтай отырып, заманауи өмірімізге сіңді. Өздеріңізге белгілі, 19 наурыз күні барша қазақ халқы маңызды тарихи оқиғаға куә болды. Қазақ мемлекетінің негізін қалаған ұлы тұлға, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатқан болатын. Елбасының бұл маңызды шешімі, оның жаһандық деңгейде және тарихи ауқымда танылған саяси қайраткер ретінде ұлылығын көрсетті. Мерекеге орай ауданымызға көршілес Ресей Федерациясынан келген меймандарға Ғұмар елі – Жәнібек жеріне қош келдіңіздер айтамын, — деді аудан басшысы.

«Жер бетіне тіршілік нәрін сепкен, дүниеге көрік берген, шырайлы жыл басы құтты болсын!» дей отырып, Ресей елінен арнайы келген делегация біздің ұлтымыздың салт-жоралғысынан да хабардар екендіктерін көрсетіп, аудан әкімшілігіне алғыс айтып, «қонақ кәде» ретінде сый-сияпаттарын ұсынды.

Мерекеде ақ шаңқан киіз үйлер орта толтырып, қатар тізілсе, оның ішін аудандағы балабақша, мектеп пен колледждің ұжымдары ұлтымыздың ою-өрнекті бұйымдарымен безендіріп, ақ дастарханға ұлттық тағамдар қойып, қонақ күтті. Сауда-саттық қызып, жер-жерде ыстық тағам, кәуәп иісі бұрқырады. Балалар алтыбақан теуіп, ал білектілер мен күштілер сайысқа түсті. Аударыспақ, қазақша күрес, асық ату, қол күресі, гір тасын көтеру, арқан тартыстан жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Сонымен қатар, бір айға созылған волейболдан аудандық лиганың жеңімпаздары анықталды. Дәлірек айтсақ, бірінші, екінші, үшінші орындарды тиісінше «Жастар», шекара және «Достар» командалары иеленді. Сондай-ақ, «үздік шабуылшы», «үздік байланыстырушы», «үздік тосқауыл қоюшы» және «үздік ойыншы» аталымдарымен сәйкесінше Н.Хисин, Н.Губайдуллин, Е.Уахитов пен Е.Әліпқалиев марапатталды.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ