27.03.2019, 10:13
Қараулар: 707
Көнеден жеткен мереке

Көнеден жеткен мереке

Наурыз – әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны береді, яғни Жаңа жылдың бірінші күні деген мәнге ие. Ол күнтізбелік жылдың үшінші айы, көктемнің басы. Қазақтар бұл мейрамды әз-Наурыз мейрамы деп те атайды. Наурыздың дәстүрлі тағамы – «Наурыз көже». Ол жеті түрлі азықтық заттан тұрады. Жеті деген сан аптаның жеті күнін бейнелейді. Бұл санның мағынасы терең, жеті санына байланысты әдет-ғұрыптар бар. Наурыз кезінде әр адам өз үйіне жеті қонақ шақырып, өзі де жеті үйге барады. Наурыз мерекесі XVIII ғасырға дейін ежелгі Грекияда, Римде, Ұлыбританияда атап өтіліп, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте тойланып келген деген дерек бар. Наурыз мейрамы – діни мереке емес. Бұл – қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мейрамында көріскен жандар бірбірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. Қазақ халқы бұл күні дүниеге келген қыз балаға Наурызгүл, ер балаларға Наурызбай, Наурызбек, Наурызхан деген есім берген. 2010 жылдың мамыр айынан бастап БҰҰ Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз – «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Бас ассамблея өзінің берген түсініктемесінде «Наурызды 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын» мәлімдеген. Ал ЮНЕСКО болса, 2009 жылдың қыркүйек айында Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізген. Наурыз – көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болумен бірге, халқымыздың салт-дәстүрін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі, өнерлі ұрпақ тәрбиелейтін ұлттық мейрамымыз. Еліміздің Батыс өңірлерінде Наурыз мерекесін қарсы алу наурыздың 22-сінен бұрынырақ, яғни 14 наурыздан бастау алады. Оның дәстүрлі элементі – «Көрісу». Бұл күні адамдар қол алысып қауышады. Сонымен бірге «Жасың құтты болсын!», «Бір жасқа шығуыңмен!» деп амандасады. Бір-бірін құттықтап, мәре-сәре болып жатады. Жасы кіші адамдар үлrендерге барып көрісіп, олардың баталарын алуға асығады. Сайып келгенде, көрісудің – жас ұрпақты адамгершілік-имандылық қасиеттерге баулитын тәрбиелік жағы басым екені анық. Көрісу тек бір күнмен шектеліп қалмайды, ол жыл бойына жалғаса береді. 1926 жылдан бастап, тоталитарлық жүйенің ықпалымен Наурыз мерекесі «діни мейрам», «ескіліктің сарқыншағы» деп танылып, оны тойлауға тыйым салынды. Көп жылдар бойы ұмытылып, сынын жоғалтқан мереке тек 1988 жылдан бастап еліміздің барлық аймақтарында жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады. Елбасы наурыз айының 22 жұлдызын «Наурыз мейрамы» деп жариялады. Ал 2009 жылдың сәуір айында ҚР Президенті Н.Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне «Наурыз мейрамы» деген мәртебе берді. Қазақтың ұлттық мейрамдарының ішінде Наурыз мерекесінің мән-мағынасы айрықша бағалы. Оның үлкен-кішіге берер тағылымы мол. Күн мен түн теңескенде «хан» деп, «қара» деп, адамдар арасындағы бөлінушілікке жол берілмейді. Сондай-ақ адамдар да бір-бірімен төс түйістіріп, артық кеткен жерлері болса, кешірім сұрап, жан мен тән тазалығына мейлінше мән береді.

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ