27.03.2019, 10:44
Қараулар: 670
Асық ойнаған азбайды

Асық ойнаған азбайды

Қазақ халқының ұлттық ойындары өте мазмұнды. Бүгін біз осы ойындардың ішінен асық туралы жазғанды жөн көрдік. Асық ату – қазақ ұлдарының ежелден келе жатқан ойындарының бірі. Ауылдан шыққан қай-қайсымыздың құмартып асық ойнамағанымыз кемде-кем шығар. Бұл ойын арнайы орынды талғамайтын, кез келген жазық жерде ойналатын спорттың түрі. Асықты иіргенде түскен қалпына қарай, алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылғанын сақа деп атаған. Ойынның құмар, тәйке, омпы, алшы, хан сияқты түрлері бар. Асық атудың пайдасына тоқтала кетсек, ол жастардың жүйке жүйесін дұрыс қалыптастырып, ой өрісін кеңейтеді екен. Мінез-құлқын байсалдылыққа, төзімділікке тәрбиелесе, қимыл-қозғалысын дәлдікке, есептілікке жетелейді. Буындарын қатайтып, айналасындағы адамдармен тіл табысуға баулиды. Халқымыз кезінде «Асық ойнаған азар, доп қуған тозар, қой бағып құйрық жеген озар» деп мақалдаған. Бұл мақалды қазақ ұрпағы уақытын босқа өткізбесін, ата-анаға көмектесіп, еңбектеніп үйренсін деген мақсатта айтқан болса керек. Уақытпен санаспай, ертелі-кеш асық ойнап, доп қуғанның өмірі босқа өтеді дегенді нұсқаған. Сонымен қоса үлкендеріміздің бата бергенде «асығың алшысынан түссін» деген сөзінің өзінде терең мағына жатыр. Ол сәті түссін, жолың болсын деген мағынаны білдіреді. Қазіргі заман балаларының ішінде, өкінішке орай, асық ойнайтындары аз, қалалық жердің балалары тіпті мұндай ұлттық ойынның бар екенінен бейхабар. Кейбір құндылықтарымыз заман талабына сай жаңарып, жаңғырып жатса, кейбір дүниелеріміз ағымнан қалып, ұмыт болып бара жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Қазір асық ойнайтын, бүк, шік дегеннің не екенін білетін жастар бар ма өзі деген сұрақ көкейімізге келіп, ардагерлерді, дене шынықтыру мұғалімдерінің пікірін білген едік. Ардагер-спортшы Тельман Ғұсмановтың айтуынша, асық ойынының балаға тигізер пайдасы мол. Өйткені осы ойын арқылы баланың бойында ұстамдылық, дәлдік, мергендік сияқты жақсы қасиеттер қалыптасады. – Әрине, жас кезімізде басқа балалар сияқты асық ойнағанымыз рас. Ауданымызда 3-4 жылдан бері асық ату ойыны жаңғырып, дамып, спорт мектебінде ұлдар мен қыздар арасында асық ату жарысы ұйымдастырылып жүр. Жалпы, асық – төрт түлік малдың тілерсегінде болатын, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Қой, ешкі, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне қарамастан бір пішіндес, мүсіндес болып келеді. Ал жылқының асығы басқа пішінде. Оның түсу қалпына қарай түр-түрі бар. Мысалы, тәйке, бүге, шіге, тұрық, омпы, сомпы, табан, оңқай, солақай, сақа, құлжа, тағы да басқа атаулары бар. Асық ату ойыны төлтума өнер, ұлттық құндылығымыз. Қазақтар жақсы көрген нәрсесін алтын асықтай немесе киіктің асығындай шымыр деп атап отырады. Осы сөздерінен-ақ асықтың айрықша мәні бар дегенді ұғамын, – дейді ол. Асық ойындарының ішінде ханталапайға тоқталар болсақ, ойнаушылар шеңбер бойына отырады, басқа асықтар ішінен ерекшесін хан деп атайды. Асық қандай жағымен құлағаны маңызды, өйткені асық ішік құласа ішікпен қағады, бүкті бүкпен, тәйкені тәйкемен, алшыны алшымен қағуға болады. Егер ойнаушы тигізбесе немесе басқа жақпен тигізіп қақса, онда жүріс келесіге беріледі. Асық бойынша қағу тек үлкен саусақтың жоғары бөлігімен жасалынады. Хан кімде болса, сол жеңімпаз атанады. – Ежелден келе жатқан ұлттық ойындарымыздың бірі – асық атуды балаларға үйретіп, ары қарай дамуына бір үлесімді қосқым келеді. Соңғы кездері балалардың телефон немесе компьютерге телміріп отыратынына куә болып жүрміз. Уақыттарын босқа өткізгенше, асық атып үйреніп, ұлтымыздың құнды дүниелеріне зер салса, баланың есті болып өсері хақ. Берілген уақытты тиімді пайдалана білу де жақсы қасиет деп білемін. Ауданымызда тағы да асық үйірмелері ашылып, мектептер арасында түрлі жарыстар өткізілсе, болашақта оның өркендей беретініне сенімім мол, – дейді Т.Жароков атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Нұрлан Сариев.

 Гүлім АСҚАРҚЫЗЫ