27.03.2019, 10:48
Қараулар: 15
Дәрігерге кіру мұң болды

Дәрігерге кіру мұң болды

Дәрігерлерге қатысты күнделікті өмірде кездесетін қарамақайшы жағдайлар жанымызға батқан соң бұлай демеске болмады. Ақ халатты абзал жандар жұртшылық сеніміне қалай селкеу түсіріп алды? Антқа адалдықтан қашан жаза басып жүр? Көптің бұл күні көкейіне қонақтаған бір-ақ ой: қазіргі медицина сенімсіз! Іш ауырса, тіс ауырса қазір кімнің дәрі беретінін білмей қалдық. Дәрігерге алдын ала жазылып, сүрініп-қабынып жетеміз. Ал дәрігерге жазылған, баратын күніміз болғанда қиындық туындайды. Көрісер күніңіз дәл келгенімен, жаздыртқан уақытыңыз далада қалады. Белгіленген уақытта бастала қойса мейлі ғой, кемінде бір сағаттан кейін қабылдауды бастайды. Бұл жағдайға өзіміз де тап болдық. Мәселен, дәрігердің қабылдауына сағат түскі екіде жазылып, екіден қырық минут кеткенде бір-ақ кірдім. «Кешіктім, мені науқастар күтіп отыр ғой» деген дәрігерді көрмедім. Осыдан дәрігердің қабылдауына жазылу қажет пе, әлде бұрынғыша кезекте тұрып, кіргеніміз дұрыс па деген ой туындайды. Кез келген адам ұғына бермейтін Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне сүйенсек, онда оның қарапайым халыққа тигізер пайдасы орасан деп жазылған. Аталған жүйе қолданысқа енер тұста «мұның жақсылығы шаш-етектен, дәрігерлік қызметтің сапасы жақсарады» деген еді. Қазір қайда барсаңыз да, кезегі мен дәрігерін күткен науқасты көреміз. Қабылдайтын дәрігер жұмысымен басқа қабатқа шығып кетеді, не болмаса бөлмесінде қағаз толтырып отырады. Дәліздегі ащы ішекше шұбатылған кезек оларды селт еткізбейді. Есігінен қараған науқастарды жаратпаған сыңай танытқан соң қайта есік ашуға ешкімнің дәті бармай пұшайман болады. Бүгінде білікті, білімді мамандар азайып тұр. Науқасты жүре қарап, жүре тыңдайтындар көбейіп бара жатқандай көрінеді де тұрады. Мүмкін, сіздің де алып-қосарыңыз, айтарыңыз бар шығар, құрметті оқырман?

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ