30.03.2019, 16:37
Қараулар: 152
Тілшілердің аймақтық спартакиадасы

Тілшілердің аймақтық спартакиадасы

Кеше Жәнібек ауылында «Жайық Пресс» медиахолдингінің қолға алған жобасы аясында медиахолдингтің Жәнібек аудандық филиалының ұйымдастыруымен алғаш рет Бөкей Ордасы, Жаңақала, Жәнібек және Қазталов аудандары газет редакциясы ұжымдарының арасында волейбол мен үстел теннисінен спартакиада оздырылды.

Алдымен келген қонақтар түске дейін Жәнібек ауылының мәдени-тарихи орындарын аралап, саяхат жасады. Түстен кейін аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде спартакиаданың ашылу салтанаты өтіп, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиев, аудандық «Шұғыла» газетінің директор-редакторы Нұрымбек Жапақов және «Жайық Пресс» медиахолдингінің аудандармен жұмыс бөлімінің жетекшісі Тоқтар Кенжеғалиев құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Тартысты да шиеленіске толы болған спартакиада барысында командалар өздерінің бар мүмкіндіктерін сарқа пайдаланды. Нәтижесінде ала допты алақандарында ойната білген волейболшылар арасында алғашқы үштікті тиісінше Бөкей Ордасы, Жәнібек, және Жаңақала аудандарының командалары қорытындылады. Ал үстел теннисінен жүлделі орындарды Жаңақала, Жәнібек және Қазталов аудандарының спортшылары өзара бөлісті. Жеңімпаз және жүлдегер командалар спартакиаданы ұйымдастырушылардың атынан диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жалпыкомандалық есеп бойынша спартакиаданың ауыспалы кубогі жаңақалалықтардың еншісіне бұйырды.

А.ЕСІРКЕПОВ