3.04.2019, 16:40
Қараулар: 15
Көкейтесті мәселелер шешілді

Көкейтесті мәселелер шешілді

 

Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде ауыл тұрғындарының жиыны өтті. Басқосуға аудан әкімі Азамат Сафималиев қатысып, Жәнібек ауылдық округі әкіміне кандидат ретінде аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Абзал Қаратаевты, аудан әкімдігінің «Жолаушы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшысының міндетін уақытша атқарушы Асқар Сәрсенғалиевті және аудан әкімдігінің ұйымдастыру жұмыстары және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің басшысы Батырхан Өтеғалиевті ұсынды. Осыған орай ауыл тұрғыны Ерсайын Құбашев тұрғындар атынан пікірін білдірді. Жәнібек ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрлан Аюпов ауыл тұрғындарының жеке малын бағуды ұйымдастыру және ауылдың санитарлық-экологиялық тазалығы туралы хабарлама жасады. Хабарламаға сәйкес ауыл тұрғындары мал бағатын бақташылардың ірі қараға 1200 теңге, қойға 300 теңгені белгілеген бағасымен келісті. Мал таңғы жетіден кешкі тоғызға дейінгі аралықта өрісте болады. Сонымен қатар, Нұрлан Дүйсенғайұлы биыл М.Мәметова мен Х.Чурин атындағы көшелерге светодиоттық шамдар орнату жоспарланып отырғанын, ауылдағы шамы жетпей тұрған көшелер жарықпен қамтылатынын жеткізді. «Қайрат» шекара заставасының басшысы Кирилл Пермяков мал бағатын бақташылардың қолдарында арнайы рұқсат қағазы болуы керектігін айтты. Оның айтуынша, 2013 жылдың 29 қарашасындағы №1275 қаулысына сәйкес мал құжатсыз, яғни  бақташының нотариалды куәландырылған жеке куәлігінің көшірмесінсіз 25 шақырым жерге өтіп кетсе, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Ал арнайы рұқсат қағазсыз 100 метрге өтсе, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейтін болады. Арнайы рұқсат қағазды жасату Жәнібек ауылдық округі әкімдігіне тапсырылып, шамамен 10 жұмыс күнінің ішінде дайын болады. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бекежан Шарафутдинов сәуір айының аяғына қарай Жәнібек ауылының көшелері арасында өтетін «Көшелер байқауының» шарттарын түсіндіріп, «Таза ауыл, таза қала» жобасының мақсатын айтты. Сондай-ақ Жәнібек ауылдық округ бойынша учаскелік полиция инспекторларының 2018 жылы атқарған жұмыстарының есебі туралы учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Болатбек Оразғалиев баяндама жасады. Сонымен қатар, аудан аумағында қыс кезінде жол аршу, тазалау жұмыстарына атсалысқан Телжан Жылқыбаев, Асан Калеменов, Бейбіт Даумов, Қуаныш Қасенов, Кенжебай Машев, Есқайыр Елемесов, Мұхаммед Ибраев, Бауыржан Жұмақұлов, Виктор Бузулуков, Нұрлыбек Бекесов, Шапағат Мырзамұратов, Әнуар Керешев, Есенгелді Айталиев, Асқар Шапиковтерге аудан басшысы өз атынан алхысхаттар табыс етті. Жәнібек ауылы тұрғындарының жиынында аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев сәуірдің соңында садақа, тасаттық беру, зиратты тазалап, жаңғырту, жаназаға қатысу мәселесі туралы көкейтесті ой қозғады.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ