8.04.2019, 9:51
Қараулар: 478
Ровныйдағы Наурыз мерекесі

Ровныйдағы Наурыз мерекесі

Ресей Федерациясының Саратов облысындағы қандастарымыз жыл сайын Наурыз мейрамын тойлауды дәстүрге айналдырған. Өткен жылы Красный Кут қаласында өткен мейрам биыл Ровный ауданында жалғасын тапты. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Ажығалиева, Астрахань қаласындағы Қазақстан Републикасының консулы Қанат Шекқалиев, дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Мұхит Ізбанов, Тасқала мен Жәнібек аудандарының әкімдері Алдияр Халелов пен Азамат Сафималиев думанды шараның құрметті қонақтары болды. Саратов облысында 160-тан аса ұлт өкілдері тұрады. Осыған орай құттықтау сөз Саратов облысы үкіметі төрағасының орынбасары Игорь Стрельниковке берілді.

-Құрметті қонақтар, жерлестер және мерекеге қатысушылар! Сіздерді «Наурыз-2019» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Осы мейрамды бүкіл Саратов облысы тойлауда. Біздер мейрамды тойлаған кезде барлық ұлт пен ұлыстардың бейбітшілік пен достықта өмір сүріп жатқанын сезінеміз. Шараға Қазақстан Республикасының өкілдері қатысып отыр. Біз Қазақстан халқымен ұзақ жылдарға созылған достық, жылы қарым-қатынаста тұрамыз. Мұндай іс-шаралар біздің қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтуға және қазақ халқының мәдениетін жаңа қырынан көруге мүмкіндік береді, — деді Игорь  Стрельников. Өз кезегінде құттықтау сөз сөйлеуден қалыс қалмай Ғабидолла Абдоллаұлы мен Айгүл Теміртасқызы барша жиналған қауымды екі тілде мерекемен құттықтады.

Құттықтау тілектерден кейін аудан ақсақалы батасын берді. Бұдан соң жиналған жұртшылық пен қонақтар Наурыз көжеден ауыз тиді. Қазақтың салт-дәстүрлері көрсетіліп, театрландырылған көріністер қойылып, ән шырқалып, би биленді. Орталық алаңда бой көтерген киіз үйлер ұлттық нақышта безендіріліп, дәмді ұлттық тағамдарын дайындап қонақ күтті. Мерекеге келген қонақтар әр киіз үйден дәм татып, әзірлеген салт-жоралғыларын тамашалады. Қазақ жерінен, яғни Жәнібек ауданы атынан тұрғызылған киіз үй меймандарды қарсы алып, дәстүрге сай бас пен бешбармақ ұсынды. Саратов облысының өкілдеріне домбыра, үш тілде кітап және кәдесыйлар сыйланды. Еділ өзенінің бойына дейін созылған Наурыз базары да жиналған жұртшылықты дәмді кәуәп, түрлі қазақ және орыс халқының тағамдарымен тамсандырды. Қой көтеру, күрес, гір тасын көтеру секілді спорттық ойындарда білектілер мен күштілер басқтарын сынады. Жыл сайынғы дәстүрге айналған «Наурыз аруы» да тамашаланды. Екі күнге созылған шағын футбол чемпионатының жүлдегерлері анықталып марапатталды.

 

Ерболат Өтешов, Саратов облысындағы «Достар» ұйымының төрағасы:

-Ұйым «Достар» қазақ мәдениеті мен спортты дамыту қоры деп аталады. 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Көптеген спорттық-мәдени шаралар өткіземіз. Бүгінгі шараны Саратов облысының әкімшілігімен бірлесе отырып, ұйымдастыруды жөн көрдік. Керемет мейрам, халық көптеп жиналды. Батыс Қазақстан мен Атырау облысынан қонақтар келді. Саратов облысының аумағына келген қонақтарға өте қуаныштымыз. Қазақстаннан келген меймандар киіз үйлерін, көркемөнерпаздарын әкеліп, бізбен қуанышты бөлісіп жатыр. Алғысымызды айтамыз. Ровный ауданында бес мыңнан аса тұрғын тұрады. Өз атымнан барша жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтаймын.

 

 

 

 

 

Рушан Сайфетдинов, Энгельс ауданындағы татар қоғамдық орталығының төрағасы, Саратов облысы мүфтиінің бірінші орынбасары:

-Наурыз – керемет мейрам. Жаңа мезгілдің бастамасы. Табиғаттың оянуы, халықты көңілді ететін мерекелердің бірі. 8 наурыздан бастап Наурыз мейрамына дейін бір-бірімізді құттықтаймыз. Наурыздың күн сәулесі өзгеше жылытады. Осы мейрамды атап өту үшін Ровный ауданына шақырғандарына өте ризамын.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ,

Жәнібек-Ровный-Жәнібек