11.04.2019, 17:31
Қараулар: 650
«Балдәурен» байқауының жеңімпаздары анықталды

«Балдәурен» байқауының жеңімпаздары анықталды

Жәнібек аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық «Балдәурен» балалар шығармашылық байқауы өткізілді. Байқауға Күйгенкөл, Ақоба, Ұзынкөл, Талов, Борсы, Қамысты, Қайрат ауылдық округтері, аудандық саз мектебі және №1 мектеп-лицейдің оқушылары қатысты. Ашылу салтанатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бекежан Шарафутдинов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.          Фестивальдің негізгі мақсаты – балалар шығармашылық жетістіктерінің бастауы, өнерлі өрендердің сахнаға алғашқы баспалдағы. Талантты балалардың талабын шыңдау, қанат бітіріп, үлкен өнерге жол ашу.     Осыдан кейін шараға қатысушылар бес аталым бойынша өз өнерлерін көрсетті. Нәтижесінде әділқазылар алқасының шешімімен «Поэзия» жанры аталымы бойынша бірінші, екінші және үшінші орындарға тиісінше Ұлпан Сағынғалиева (Күйгенкөл), Ақжүніс Нәсиева (Ақоба) және Бекназар Берікқалиев (Талов) ие болды. «Жыр айту» аталымы бойынша жүлделі орындар Мәдина Махметова (Тау), Ұлпан Сағынғалиева (Күйгенкөл) және Аружан Нұрхановаларға (Қамысты) бұйырды. «Хореография» аталымы бойынша бірінші, екінші және үшінші орындарды тиісінше «Көзайым» (Ұзынкөл), «Инабат» (Ақоба) және «Ақмаржан» орта буын (Жәнібек) би топтары иемденді. «Вокал» аталымы бойынша жүлделі орындары Ақерке Какимова мен Анелия Берзалиева  (№1 мектеп-лицей), Кәусәр Таңат пен Ханшайым Еменғали (Тау) және Гүлім Қайырғалиева мен Ақниет Қайрат (Тау) жеңіске жетті. «Халықтық музыка» аталымы бойынша  екінші және үшінші орындарды тиісінше Жанерке Өтегенова мен Гүлназ Қоңырова (екеуі де аудандық саз мектебінен) иеленді.

Қатысушыларға фестивальдің дипломдары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді. Марапаттау барысында әділқазылар алқасының мүшелері оқушыларға өздерінің тілектері мен ұсыныс-пікірлерін айтып, бағыт-бағдар берді, істеріне сәттілік тіледі.

Лаура ХАЛИНА