11.04.2019, 17:42
Қараулар: 183
 » 
Мал бағымы ұйымдастырылды

Мал бағымы ұйымдастырылды

Аудан әкімі Азамат Сафималиевтің қатысуымен Талов ауылдық округінде жиын өтті. Басқосуды Талов ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрдәулет Қыдырғалиев ашып, жүргізіп отырды. Жиынға 2036 әскери бөлімінің учаскелік шекарашысы Есенбек Есенғұлов, Х.Халиуллин атындағы шекара заставасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Науан Нұрқанов, ауыл тұрғындары, мекеме, ұйым басшылары мен қызметкерлері, шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.

Жиналыста мал бағымын ұйымдастыру мен ауыл тазалығы хақында мәселелер қаралды. Жиынға қатысушылар аталған мәселелерді талқылап, ортақ шешімге келді. Яғни, жеке тұрғындар малының оңтүстік бағытта бағылуына Болатбек Айесов, солтүстік бағытта бағылуына Сапар Шохалов, Әміржан Жолдыбаев, Алмаз Қисметов, Мұрат Рысқалиев, Халим Сұқбаев, Рафик Ауесов, Махмуд Елеубаев және Талап Мендіғалиев бекітілді. Аталған бағыттардағы мал басына 800 теңге, ал «Бірлік» бағыты бойынша далада жайылатын малға 1000 теңге көлемінде  белгіленді.

Жиын барысында, сонымен қатар, 2018-2019 жылдардың қыс уақытында елді мекендердің жолдарын қардан тазалап, төтенше жағдайлардың алдын алуда белсенділік танытқаны үшін Елдос Тушкеев, Амангелді Суналиев, Дамир Қуаншалиев, Ардан Қабылнасиров, Нұртаза Мералиев, Мерхат Кенжеғалиев алғысхатпен марапатталды. Сондай-ақ, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Арман Ахонов таловтық Андрей Ботовқа Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына арналған төсбелгіні салтанатты түрде табыс етті.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ