12.06.2019, 11:47
Қараулар: 179
Көмек беру мақсатын көздейді

Көмек беру мақсатын көздейді

 

dav

ҚР Президентінің 2016 жылғы 8 желтоқсандағы №387 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын іске асыруға және пробация белгіленген адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және оңалтуға бағытталған «Пробация туралы» Заңын түсіндіру мақсатында  мүдделі мемлекеттік органдар, атап айтқанда, аудандық прокуратура, полиция бөлімі, аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың өкілдері және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың  қатысуымен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында дөңгелек үстел оздырылды.

Онда жалпы пробация қызметінің түпкі мақсаты – жазаға тартылған адамның қателігін, мінін бетіне басу емес, орын алған қылмыстың  себеп  салдарын зерттеп,  мүмкіндігінше сотталушының қайталап қылмыс жасамауы үшін оның әлеуметтік жағдайын жақсартуға психологиялық тұрғыдан көмек беру болып табылатындығы айтылды.

Бүгінгі таңда пробация қызметінің тиімділігі қылмыстық-атқару жүйесі мен жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдарының сотталғандарға бірлесіп көрсеткен әлеуметтік-құқықтық көмегінің деңгейіне тікелей байланысты екенінін көруге болады. Жергілікті органдардың тікелей қолдауынсыз пробация қызметі жемісті бола алмайды. Осы ретте «Пробация туралы»  ҚР Заңының 10-бабы бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары пробация қызметінің есебінде тұратын адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды әлеуметтік бейімдеу және оңалту арқылы әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету саласындағы өкілеттіктерді атқарады.

Сонымен қатар басқосу барысында аталған заңның 15-бабы жөнінде де түсінік берілді. Мысалы, Үкімдік пробация: бас бостандығын шектеуге сотталған адамға; шартты түрде сотталған адамға қатысты қолданылады.

Өзіне қатысты пробациялық бақылау белгіленген адам:
сот үкімі немесе қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап он тәулік ішінде есепке қою үшін пробация қызметіне келуге; жазаны және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын өтеу шарттары мен тәртібін сақтауға; тіркелу және өзімен профилактикалық әңгімелесу жүргізу үшін белгіленген күндері пробация қызметіне келіп тұруға; тұрғылықты жерінің, жұмыс немесе оқу орнының өзгергені туралы пробация қызметін жазбаша хабардар етуге; өзіне заң мен сот жүктеген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

Адам пробациялық бақылау шарттарын сақтамаған жағдайда пробация қызметі: бас бостандығын шектеуге сотталған адамға қатысты жазбаша ескерту түрінде жазалау қолданады, ал жазасын өтеуден қасақана жалтарған жағдайда сотқа бас бостандығын шектеудің өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыру туралы мәселені шешу үшін материалдар ұсынады; шартты түрде сотталған адамға қатысты пробациялық бақылау мерзімін ұзарту туралы не шартты түрде соттаудың күшiн жою және сот үкімімен тағайындалған жазаны орындау туралы ұсыну енгізеді.
Егер пробациялық бақылау белгіленген мерзімнің кемінде жартысы өткеннен кейін шартты түрде сотталған адам өзінің мінез-құлқымен түзелгенін дәлелдесе, онда пробация қызметі сотқа шартты түрде соттаудың күшін жою туралы және сотталған адамнан сотталғандықты алу туралы ұсыну жолдайды.

Пробация қызметі адамға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасын жасайды және оның іске асырылуын қамтамасыз етеді.

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ