12.06.2019, 17:56
Қараулар: 98
Жолың болсын, жас түлек!

Жолың болсын, жас түлек!

 

 

 

 

 

 

Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша аудан әкімдігінің мәжіліс залында биылғы «Алтын белгі» және «Ерекше үлгідегі аттестат» иегерлері мен олардың ата-аналарын аудан әкімі Азамат Сафималиев қабылдады.

Аудан бойынша биыл 13 түлек «Алтын белгі», 2 түлек «Ерекше үлгідегі аттестат» иегерлері атанып отыр.

Салтанатты шарада сөз алған аудан басшысы мектеп мақтаныштарын қызу құттықтап, ҰБТ-дан жоғары балл жинап, қалаған мамандық иесі атануға тілектестігін білдірді. Бұдан соң «Алтын белгі» иегерлері Айдана Өтежанова, Тұрсынгүл Неғметова, Гүлсезім Наурызова, Дана Серікова, Айкерім Ризықова (Т.Жароков атындағы мектеп), Дияс Ғимран, Ақбота Шагирова (№1 мектеп-лицей), Данагүл Мажитова, Аида Айболат, Дильназ Әбдірахманова (Е.Ниетқалиев атындағы мектеп), Гүлнара Жұмаш (Ғ.Қараш атындағы мектеп), Жазира Жұбанаева, Жайнагүл Ташманова (М.Ықсанов атындағы мектеп) және «Ерекше үлгідегі аттестат» иегерлері Жанаргүл Серік (Т.Жароков атындағы мектеп), Зарина Дәулетоваларға (Е.Ниетқалиев атындағы мектеп) төсбелгі тағып, сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ аудан әкімі Азамат Сафималиұлы атынан бес мектеп директорына алғысхат табыс етілді. Білікті де, білімді балаларды тәрбиелеген ата-аналар да ескерусіз қалмады. Үздіктердің ата-аналары аудан әкімі атынан алғысхатпен марапатталды. Өз кезегінде ата-аналар атынан сөз алған Серік Қарабалин мен Индира Әбдірахманова балалардың білімді болып қалыптасуына мүмкіндік жасап отырған Елбасына, осындай қабылдауды ұйымдастырған аудан басшылығына, сапалы білім мен саналы тәрбие беруге сүбелі үлес қосқан білім ошақтарына алғысын жаудырып, жыр шумақтарын арнады.

Шара Жәнібек ауылының орталық алаңында 2018-2019 оқу жылының орта мектепті бітіру туралы аттестатын тапсыруға арналған салтанатты жиынмен жалғасын тапты.

Т.Жароков атындағы орта мектеп және №1 мектеп-лицейдің түлектері сынып жетекшілерімен, мұғалімдерімен бірге ортаға шақырылды. Сонымен қатар аудандық, облыстық және республикалық пән олимпиадаларында, түрлі шығармашылық, өнер байқауларында, спорттық жарыстарда жетістікке жеткен, мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласқан қос білім ордасы түлектерінің табыстары жиылған жұртшылыққа жария етілді. Сондай-ақ алаңда екі мектептің «Алтын белгі» және «Ерекше үлгідегі аттестат» иегерлері сап түзеді.

-Құрметті ұстаздар, ата-аналар мен түлектер! Қадірменді жерлестер! Баршаңызды бүгінгі мектеп бітіруші түлектерге аттестат тапсыру салтанатының бастау алуымен және үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жас түлектерді осынау қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Биыл аудан бойынша 136 мектеп бітіруші түлектің 124-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіруде. Аудан бойынша мектепті 13 түлек «Алтын белгіге», 2 түлек «Ерекше үлгідегі аттестатқа» тәмамдап, ұстаздары мен ата-аналарын қуанышқа бөлеп отыр. Сол себептен мен барша түлектерге алдағы үлкен сыннан жақсы нәтиже көрсетіп, абыроймен өтулеріне тілектеспін. Өздеріңіз қалаған мамандық иесі атанып, болашақта алған білімдеріңіз бен күш-жігеріңізді еліміздің өркендеуі үшін жұмсап, тек қана биіктерден көрініңіздер, — деді аудан әкімі Азамат Сафималиев.

Бұдан кейін ол қос қара шаңырақтың үздіктеріне олардың орта мектепті бітіру туралы аттестаттарын салтанатты түрде табыс етті. Осындай рәсімді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, ардагер ұстаз Қабаш Жүнісов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бағида Сарбалина, ардагер ұстаз Дина Сапашева, Т.Жароков атындағы орта мектеп пен №1 мектеп-лицейдің директорлары Сержан Қошанов пен Сапар Мәмбеталиев те атқарды.

Жиын барысында білім ордаларының түлектері «Соңғы қоңырау», «Ұстазыма» әндерін орындап, вальс биледі.

Құттықтау сөз елімізде Жастар жылының жариялануына байланысты, ұлттық бірыңғай тестілеудің ең алғашқы «Алтын белгі» иегері, қазіргі таңда аудандық орталық аурухананың дәрігері Мейрамгүл Құсеноваға беріліп, ол өз кезегінде жас түлектерге сәт сапар тіледі. Сондай-ақ мектеп бітіруші түлектердің атынан сөз алған үздіктер тәрбие мен білім берген ата-аналарына, ұстаздарына алғысын білдіріп, түлектерге ақ жол тіледі.

Қоштасу вальсі биленіп, зеңгір көкке шарлар ұшырылды.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ