17.06.2019, 12:55
Қараулар: 757
«Таңқалдырған адамдар» жобасы бастау алды

«Таңқалдырған адамдар» жобасы бастау алды

Жәнібек аудандық мәдениет және демалыс саябағында мәдениет үйі жастарының ұйымдастыруымен аудандық «Таңқалдырған адамдар» жобасы басталды. Жоба 4 кезеңнен тұрады. Әр кезең сайын қатысушылар әділқазыларды таң қалдыру керек. Жас ерекшелігі жоқ сайыста өз өнерін көрсету үшін әр қатысушыға төрт минут беріледі.

Аудан көркемөнерпазы Қажымұқан Хамидолла «Сен жетіспей тұрасың» әнімен кешті бастап, әділқазылар алқасын таныстырды. Олар – хореограф Зәмзәгүл Мұратова, әнші Мейрамгүл Дәулетқалиева, сегіз қырлы, бір сырлы, мектеп мұғалімі Алмат Ахмулдин, жас режиссер Жайнагүл Хамматова және сөз шебері Ерсін Қанатов.

Бірінші іріктеу кезеңінде он бір қатысушы бақ сынап, барлығы да келесі кезеңге жолдама алды. Нақтырақ айтсақ, Рауан Болатов поэзия оқыса, 3-сынып оқушысы Жасқанат Жасұланұлы ән шырқады. Райымбек Әбуов өзі шығарған туындысын ортаға салса, Данияр Балтабеков орыс тіліндегі әнмен көрермен мен әділқазыларды тамсандырды. Ал 9-сынып оқушысы Жәмиля Салауатова «Мама» атты монологімен баршаның көз жасына ерік берді. Алты жастағы Жасмин ермексаздан мүсін жасап таңқалдырса, Камиля есімді  қыз гимнастикадан өнер көрсетті. Сондай-ақ ұзынкөлдік Досжан Үмбетәлиев ауыр атлетикамен тамсандырса, Алтын есімді бикеш екі тілде ән орындап, көрермен көзайымына айналды. Ақобалық 7-сынып оқушысы Жанбатыр Ерсайын мәнерлеп өлең оқыса, әуесқой биші Жәмиля Манапова заманауи биімен таңқалдырды.

Әдіқазылар келесі кезеңге өткен қатысушыларға түрлі тапсырмалар беріп, әрмен қарай  да жұртшылықты таңқалдырады деген сенім білдірді.

Жоба бір айға созылып, апта сайын аудандық мәдениет және демалыс саябағында өтетін болады.

Гүлзара МӘДИ