17.06.2019, 13:01
Қараулар: 365
Көрермен көңілінен шықты

Көрермен көңілінен шықты

Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры Флорид Буляковтың «Қысқа ғұмыр» атты мұңды комедиясын Жәнібек ауданы көрермендерінің назарына ұсынды. Аталған туындыны қазақ тіліне театр актрисасы Эльмира Мақашева аударса, қойылымды актер әрі режиссер Самал Әбуов сахналады.

Оқиға негізінен төсек тартып жатқан шал мен оның кемпірі арасында өрбіді. Түсіне ажал еніп, өзінің дәм-тұзы таусылуына үш сағат қалғанын білген шалға осы мерзімде сауапты іс қылуға «тапсырма берілді». Сауапты іс қылса, ғұмыры да ұзармақ. Сондықтан кемпірі екеуі қандай сауапты іс тындыру керектігін ақылдаса отырып, өткен өмірлерін көз алдынан өткізді. Олардың жас кезіндегі бейнелері Григорий мен Василиса кейпінде көрінеді. Өз жарының қадірін білмей, көзіне шөп салған Григорий, перзент сүйе алмай, пұшайман болған әйел арасындағы тартыс қартайған кезде де бітпейді. Бір-біріне деген қызғанышын жасыра алмағанмен, қимастық та айқын байқалып тұрды. Туындыда қанша өкпе-реніш болса да, адам кешіре біліп, бір-бірімен сыйласа білуден артық ештеңе жоқтығын ұғындыра түсті, ой салдырды. Рөлдерді сомдаған Салауат Түменов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытгүл Жақыпова, Жасқайрат Валиуллиев, кино және театр актрисасы Жұлдыз Мәмедова сынды театр әртістері көрерменнің көңілінен шықты.

Қойылымнан көрермен қандай әсер алғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Көздеріне еріксіз жас алған көрермен уақыттың қадірін түсінгендей күй кешті. Қойылым біткен соң, қойылымды шебер сомдаған өнер майталмандарына көрермендер орындарынан тік тұрып, ұзақ уақыт қол соқты.

Кеш соңында аудандық демалыс орталығының басшысы Алтай Бақтығалиев сөз алып: — Театрды сағынған көрермен рухани азық алды деп білемін. Шынайы өмірді сахналау – нағыз шеберлік. Бұл қойылым бүгінгі жастарымызға сабақ болғандай. Қазіргі таңда әр отбасында осындай жағдайлар орын алып жатады. Қысқа ғұмырымызды сахналаған бұл қойылымнан керемет әсер, көзімізге жас алдық, — деп ризашылығын білдірді.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ