17.06.2019, 13:05
Қараулар: 402
Тігін шеберханасы ашылды

Тігін шеберханасы ашылды

Жәнібек ауданының орталығындағы Б.Жәнекешев көшесінде мүмкіндігі шектеулі жандар Майра Кенжина мен Қантым Ғұмарова бірігіп тігін шеберханасын ашты. Шеберхананың ашылу салтанатына ауылдық округ әкімдігінің, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, дербес бөлімдердің басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Сөз Жәнібек ауылдық округінің әкімі Абзал Қаратаевқа берілді.

-Бүгін, өздеріңіз куә болып тұрғандай, тағы да бір кәсіпкерлік нысан бой көтерді. Майра мен Қантым апамыз өмірдің ауыртпалығын еңсеріп, еңбексүйгіштіктерімен ерекшеленеді. «Әйел-ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген осы шығар. Аудан жұртшылығы сіздердің қолдарыңыздан шыққан бұйымдарды пайдаланып, кәделеріне жаратсын. Ең бастысы, сіздерге денсаулық, жаңа бастамаңызға сәттілік тілеп, құтты болсын дейміз, — деді ауыл әкімі.

Бұдан соң Абзал Бақытұлы мен Майра Иманғалиқызы нысанның лентасын қиып, жиылған жұртшылық ішке қарай беттеді.

Мүмкіндігі шектеулі жан, II топ мүгедегі, кәсіпкер Қантым Аманқызының айтуынша, тігін шеберханасы түрлі тапсырыстарды қабылдайды.

-Шеберханамызда түрлі бағытта, яғни жөндеу, жаңа киім үлгісін тігу қызметтерін көрсетеміз. Сондай-ақ қыз жасауына да тапсырыс аламыз. Көрпе, жастық, бұйымдарды тігеміз. Шеберхана демалыс күндері де жұмыс істей береді. Ал, шеберхананы үлкейтіп, кеңейтуге қолдау көрсетемін деген жандарға әрқашанда ризамыз, — деді ол.

Гүлзара МӘДИ