18.06.2019, 16:05
Қараулар: 355
Күйгенкөлдегі жазғы спорт алаңы

Күйгенкөлдегі жазғы спорт алаңы

Күйгенкөл ауылдық округіндегі Ө.Сахипов атындағы орта мектептің ауласында жазғы спорт алаңы пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына аудан әкімі Азамат Сафималиев қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

Спорт алаңының ашылу салтанатында сөз алған аудан басшысы ауданда бірқатар жұмыстардың жүріп жатқанын тілге тиек етіп, осы нысанды салуға үлес қосқан «ЖәнібекТрансСервис» ЖШС-інің директоры Айболат Аяповқа алғысын жеткізді. Жаңадан пайдалануға берілген ойын алаңында аудан басшысы ауылдың жас спортшыларына сыйлық ретінде доптар тарту етіп, болашақта ауылдың, ауданның, облыстың, елдің намысын қорғайтын азаматтар болып шығуына тілектестігін білдірді.

Жиында сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы Жұпар Хамзина балалар үшін алаңды салып, пайдалануға беруге дәнекер болған аудан, ауыл әкімдіктеріне, ЖШС басшысы мен құрылысшыларға алғысын жеткізді.

«ЖәнібекТрансСервис» ЖШС-і директоры Айболат Аяповтың айтуынша, жазғы спорт алаңының құрылысына 10 млн. 200 мың теңге ақша бөлінген. Құрылыс жұмыстары бір айға созылып, оған ауыл тұрғындарынан 4 адам жұмысқа тартылған.

-Ауылымыз жылдан жылға көркейіп келеді. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Осы спорттық нысанның арқасында жастарымыз салауатты өмір салтын ұстанып, жағымсыз әдеттерден аулақ болады. Ауылымыздан спортшылар шығып, елімізді әлемге танытса, керемет емес пе. Баршаңызға алғысым шексіз, — деді ауыл тұрғыны, зейнеткер Талап Оразғалиев.

Жаңа нысанның тұсаукесер рәсімі аяқталған соң, ауылдық округ пен елді мекендердің командалары арасында шағын футболдан турнир өткізілді.

Гүлзара ТІЛКҚАБЫЛҚЫЗЫ