21.06.2019, 12:14
Қараулар: 368
Бүгінгі бойжеткен-ертеңгі ана

Бүгінгі бойжеткен-ертеңгі ана

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігі және Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Бүгінгі – бойжеткен, ертеңгі – ана» атты сырласу кеші оздырылды. Кештің  шымылдығы мәдениет қызметкері Мейрамгүл Дәулетқалиеваның орындауында «Бақытты әйел» әнімен ашылды. Сондай-ақ кештің арнайы қонақтары Ұзынкөл ауылының тұрғындары, облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының III орын иегерлері,  Исатаевтар отбасы қатысып, өздерінің байқаудан алған әсерлерімен бөлісті. Жәнібек ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Светлана Бақтығалиқызы  алдымен кеш қонақтары – бойжеткендер мен көрермендерге өз сұрақтарын қойып, олардың тарапынан тұшымды жауаптар қайтарылды. Тау ауылдық аналар кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз Риза Сағынаева, зейнеткер Клара Темірәлиева  және Сәния Ғайнөшевалар өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, бойжеткендерге ақыл-кеңестерін айтты. Көрермендер мен қатысушылар арасында тренинг ұйымдастырылып, соңынан жеткіншек қыздарға арналған 5 кеңес көрермен назарына ұсынылды. Осы тұста «Мерейлі отбасының» жеңімпаздары Айша Сақтапбергенова мен Лаура Исатайқызы сөз алып, қыздары Шамшырақ Қадыр Мырза Әлидің «Бақыт» өлеңін мәнерлеп оқыса, ұлы Нұрсұлтанның орындауында «Ассалаумағалейкум» әні шырқалды. Кеш соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова, «Алтын ұя» бөбекжайының директоры Ғалия Елемесова, ардагер ұстаз Дина Сапашевалар өз тілектерін жеткізді. Сондай-ақ «Мерейлі отбасы» жеңімпаздарына естелік сыйлықтар табысталды.

Гүлім Асқарқызы