3.07.2019, 17:54
Қараулар: 73
Ұзынкөлдіктердің зор қуанышы

Ұзынкөлдіктердің зор қуанышы

Жәнібек ауданының Ұзынкөл ауылдық округінде жазғы спорт алаңы пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына аудан әкімі Азамат Сафималиев пен аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті. Лента қию рәсімі аудан басшысы мен ардагер-ұстаз Айша Сақтапбергеноваға бұйырды.

-Ауылдық округ орталығында жазғы спорт алаңы бой көтеріп, қуаныш сыйлаған күн болды. Елбасының тапсырмасына сай, бұқаралық спортты дамытуда спорттық құрылымдар халыққа жақын болу керек. Осы тұрғыда спорт алаңдары барлық ауылдық округтерде салынды. Ендігі кезекте елді мекендерді қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұйырса, биыл Борсы ауылына қарасты Тегісшіл елді мекенінде жазғы спорт алаңы салынып, балаларымыздың көз қуанышы болғай. Ұзынкөл ауылында көптеген жұмыстар атқарылуда. Өздеріңізге мәлім, былтыр мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, қайтадан қолданысқа берілді. Ұзынкөлдіктердің көптен бері көтеріп жүрген мәселелерінің бірі – ол кіре- беріс жолды жөндеу. Алдағы уақытта ол мәселе де өз шешімін табады. Мерекелеріңіз құтты болсын! – деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.

Жаңадан пайдалануға берілген ойын алаңында аудан басшысы оқушыларға сыйлық ретінде спорттық киімдер тарту етіп, болашақта ауылдың, ауданның, облыстың, елдің намысын қорғайтын азаматтар болып шығуына тілектестігін білдірді.

«ЖәнібекТрансСервис» ЖШС директоры Айболат Аяповтың айтуынша, жазғы спорт алаңының құрылысына 11 млн. 424 мың теңге ақша бөлінген. Құрылыс жұмыстары бір айға созылып, оған ауыл тұрғындарынан 4 адам жұмысқа тартылған.

-Ауылымызда спорт алаңы салынып, жастарымызға үлкен қолдау болды. Бұқаралық спортпен шұғылданып, жаман әдеттерден аулақ болатын жастарымыздың қуанышында шек жоқ. Ұзынкөл ауылында көптеген спортшы, өнер, әскери тұлғалар дүниеге келді. Алдағы уақытта да ауыл спортшылары елге танымал болып, биіктерден көрінулеріне тілектеспін. Аудан басшылығы мен спорт алаңының жұмысына атсалысқан ЖШС-ға алғысымыз шексіз. Қуанышты күндеріміз көп болсын!- деді өз сөзінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сансызбай Қауенов.

Жаңа нысанның тұсаукесер рәсімі аяқталған соң шағын футболдан жарыс өткізілді.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ