4.07.2019, 16:55
Қараулар: 70
Тұрғындардың өмір сүру сапасы – басты назарда

Тұрғындардың өмір сүру сапасы – басты назарда

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев Жәнібек ауданына жұмыс сапарымен келіп, аудан активімен кездесу өткізді. Оған облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, облыстық басқармалар мен кәсіпорындардың басшылары, сондай-ақ аудандық мәслихаттың депутаттары, ауылдық округтердің әкімдері, мекемелер мен ұйымдардың басшылары, құқыққорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қоғамдық кеңестердің төрағалары мен бір топ ардагерлер қатысты.

Жиында баяндама жасаған аудан әкімі Азамат Сафималиев ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

-2019 жылғы 1 шілдеге нақтыланған аудан бюджеті 4 251,7 млн. теңге, соның ішінде трансферттер түсімі 3 939,4 млн. теңге, аудандық бюджеттің өз кірістері 312,3 млн. теңге. Аудан бюджетінің 2019 жылғы 1 шілдеге кіріс бөлігінің жоспары 164,2 млн. теңге, орындалуы 185,8 млн. теңгені (113,2%) құрады (21,6 млн. теңге артық орындалды). 2019 жылғы түзетілген бюджеттің шығыстар бөлігінің жоспары 4 251,7 млн. теңге құраса, 1 шілдеге бюджеттің шығыстар жағы бойынша 2 млрд. 103 млн. 134 мың теңге құрады. Орындалуы 100%. Ауданымыздың негізгі бағыты мал шаруашылығы болып табылады. Соңғы жылдары мал басының өсімі байқалады. Жалпы, аудан бойынша шаруа қожалықтарының саны 357 бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға өсті. Қазіргі уақытта мүйізді ірі қара мал басының саны 48 489, қой – 65 943, ешкі – 7 206, жылқы – 15 386, түйе – 84, құс – 23 517 басты құрап отыр. 2019 жылдың 1 маусымына аудан көлемінде 923 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, онда – 1 493 адам қызмет атқаруда. 5 айлық есептік кезеңде кәсіпкерлік саласында жасалған жұмыстар көлемі – 1 116,1 млн. теңге, алдыңғы жылмен салыстырғанда (995,1 млн.теңге) 12,2 % — ға өскен. 5 айдың ішінде – 110 жаңа жұмыс орны ашылды, ауыл шаруашылығы бойынша – 82, сауда бойынша — 11, басқа да қызмет түрлерінде — 17. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда (87 жаңа жұмыс орны) 26,4%-ға өскен. «Бастау бизнес» жобасы бойынша 2018 жылы 90 адам оқытылып, 83 адам 234,7 млн. теңге несие алса, 2019 жылдың 1 шілдесіне 90 адам оқытылып, 11 адам 70,7 млн. теңге несие алды. Алдағы уақытта, іске асыру жоспарланған ірі жобалардың қатарында аудан орталығынан әмбебап дүкен, 2 газ құю стансасын, 30 орындық қоғамдық монша және 300 орындық мейрамхана салу көзделіп отыр. Аудан аумағында жұмысқа орналасу делдалдығымен жолыққан адамдардың саны 429 адамды құрады, соның 407-сі жұмыспен қамтудың әртүрлі шараларымен қамтылды. Аудан халқын жұмыспен қамтудың кешенді жоспары бойынша 2019 жылға нысаналы топтарға жататын 1064 адам жыл ішінде жұмыспен қамту шараларына тартылатыны жоспарлануда. Жылдың есепті 6 айының қорытындысына сәйкес 407 адам, яғни 38% адам жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз етілді. Елбасының бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру тапсырмасын орындау мақсатында ауданымызда бүгінгі таңда барлық ауылдық округ орталықтарында, биыл Күйгенкөл және Ұзынкөл ауылдарында жаңа спорт алаңдары салынды. Сондай-ақ биыл жазғы спорт алаңы жоспар бойынша Борсы ауылдық округіне қарасты Тегісшіл елді мекенінде салынады. Бүгінгі таңда ауданымыздың тұрғын үй кезегінде 218 адам тіркеуде тұр. Жәнібек ауылындағы А.Оразбаева атындағы негізгі мектебінде спортзал жоқ екені баршаға мәлім. Осы тұрғыда аталған мектептің ауласына жаңа спортзал салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, қазіргі уақытта кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өтуде,- деді аудан басшысы.

Аудан әкімінің баяндамасынан кейін жарыссөзге қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев былай деді:

-Құрметті актив жиналысына қатысушылар! Жәнібек ауданы облыс орталығынан шалғай орналасса да мемлекеттік бағдарламалардың сәтті орындалуына септігін тигізуде. Аудан келбеті, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып, әлеуметтің жағдайы оңды шешіліп, елді мекендер газ-сумен қамтылды. Республикалық маңызы бар жолдың уақтылы аяқталатынына сеніміміз мол. Өткен жылы аудан орталығындағы 9 көше асфальтталды. Биыл Х.Чурин көшесіне асфальт төселді. Сонымен қатар Жақсыбай ауылындағы М.Ықсанов атындағы орта мектеп бұдан 40 жыл бұрын пайдалануға беріліп, содан бері жөндеу көрмеген. Жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, келер жылы қаржы бөлініп, жөнделеді деген сенімдеміз, — деді Амангелді Мырзағалиұлы.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Ғали Есқалиев облыс бойынша шешімін тауып жатырған игілікті істер Елбасы қабылдаған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары, «Бес әлеуметтік бастамасы», мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 10 басымдығы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей бағытталғандығын атап өтті.

-Аудан әкімінің жұмысы шағын және орта бизнестің дамуы, тартылған инвестициялар көлемі мен ашқан жаңа жұмыс орындарымен бағаланатын болады. Жол мәселесі ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тікелей бақылауында. Соңғы үш жылда өңірімізде жол құрылысы қарқын алды, 1 мың шақырымнан астам жол жөнделіп, салынды. Мәселен, Қазталов ауданы орталығынан өтетін жол Жәнібек арқылы Сайқын, Хан Ордасы ауылына жететін болады. Бұл жұмыстар басталды. Республикалық облыстық және жергілікті жолдарды жасау жұмыстары жалғасады. Аудан бойынша 2018 жылы КПО б.в. компаниясының әлеуметтік міндеттемесінің негізінде аудан орталығы – Жәнібек ауылындағы жалпы ұзындығы 10 шақырым болатын 9 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл республикалық және облыстық бюджеттен жалпы құны 146 млн. теңге қаражат бөлініп, 0-2 шақырым болатын «Жәнібек-Талов-Кіші өзен» автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтті. Алдағы уақытта Күйгенкөл, Ұзынкөл ауылдарының кіреберіс жолдарын асфальттау және аудан орталығының автокөлік жолдарын жөндеу, Жәнібек ауылындағы жаңадан салынған 9 көшеге жол салу жоспарда, — деді Ғали Нәжімеденұлы.

Бұдан кейін өңір басшысы өткен жылы облыс және аудан көлемінде атқарылған құрылыс жұмыстарына тоқталды.

-Жәнібек ауылының шығыс бетінде екіқабатты 12 пәтерлік 2 үйдің құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Күні бүгін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталынған бұл жоба іске асқан жағдайда, барлығы 24 пәтер салынып, өз иелеріне табысталмақ. Қазіргі уақытта аталған жоба кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өтуде. Тегісшіл ауылында 50 орындық балабақшаның құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Құрылыстың құны – 212 млн. теңге. Аталған жобаның құрылысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы жүргізу жоспарлануда. Жәнібек ауылының шығыс бағытынан 160 көрермен орынға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Құрылыстың сметалық құны – 368 млн. теңге. Биыл КПО б.в. қаражаты бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, — деген облыс әкімі бұдан әрі халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында тұрғындарды сапалы таза ауыз сумен қамтудың жайына тоқталып, соңғы екі жылдың көлемінде Қамысты, Жәнібек, Ақоба және Талов ауылдарына ауыз су жеткізілгенін, нәтижесінде аудан тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету 93,3 пайызды құрағанын, қазіргі кезде Тегісшіл елді мекеніне ауыз су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын, алдағы жылдары Майтүбек, Еңбекші елді мекендеріне ауыз су құбырын тарту жұмыстары жоспарланғанын, ауданның газбен 100 пайыз қамтылғанын айтып өтті. Сонымен қатар, өңір басшысы халықпен жұмыс жасауда жаңа тетіктері енгізілетінін айтып, Жәнібек ауданындағы облыс әкімінің қоғамдық өкілі болып Самиғолла Оразовтың ұсынылғанын жеткізді.

Жиынға қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.

Актив жиналысынан кейін өңір басшысы тұрғындарды жеке қабылдап, олардың көтерген мәселелеріне орай нақты тапсырмалар берді.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ