5.07.2019, 13:07
Қараулар: 589
«Домбыра-асыл мұра»

«Домбыра-асыл мұра»

Жәнібек ауандық мәдениет үйінің фойесінде шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күніне орай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Домбыра – асыл мұра» атты мерекелік шара өтті. Қазақты қара домбырасының үні — күй өнері, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлтымыздың рухани құндылығы. Қос ішектің күмбірімен шанағынан сыр ақтарған домбыра тілі – ел өнерін жаһанға танытқан асыл әуен. Ата-бабалар тастап кеткен асыл мұрамызды жалғастыру біздің міндетіміз, сондықтан да бүгінгі кешіміз күйшілік өнерді өскелең ұрпаққа, өнерсүйер жұртшылыққа кеңінен насихаттау болып табылады.

Шараны алдымен Алтай Бақтығалиев пен Шынтемір Рамазанов Ермұрат Үсеновтің «Кербез сұлу» күйімен ашты. Сонан кейін сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Шара барысында «Қылыштан өткір, құрыштан биік домбыра» тақырыбындағы кітап көрмесін аудандық кітапхананың кітапханашысы Эльмира Өтемісова таныстырды. Жаңақала ауданынан келген жас өнерпаз Еркебұлан Ерболаттың орындауында «Мен қазақпын» әні  жұртшылыққа тарту етілді. Алтынбек Кәрімов пен Дамир Елеуов Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін тартты. Сонымен қатар жас жеткіншектер домбыра туралы мәнерлеп өлең оқыды. Әнші Мейрамгүл Дәулетқалиева Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған Бәкір Тәжібаевтың «Домбыра туралы» әнін орындап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жиынға қатысқан ардагерлер Меркен Кенжеғалиев пен Қабаш Жүнісов домбыра туралы өз естіліктерін ортаға салды. Шараны «Жәнібек сазы» халықтық-фольклорлық ансамблі Құрманғазының «Балбырауын» және «Адай» күйлерімен тәмамдады.

Лаура Халина