10.07.2019, 19:30
Қараулар: 534
 » 
«Ашық әкімдік» шарасын өткізді

«Ашық әкімдік» шарасын өткізді

 

Аудан әкімі Азамат Сафималиев бастаған құрамына аудан әкімінің орынбасары Жұбаныш Хайруллин, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғибрат Айтқалиев және жер қатынастары бөлімінің  бас маманы  Нұрболат Әбдірешев  енген топ Талов, Жақсыбай,  Борсы ауылдық округтерінде болып, «Ашық әкімдік» шарасын өткізді.

Қабылдауда болған таловтық Ораз Табаев шаруа қожалықтарының басшылары ауыл тұрғындарына шөп мәселесінен көмек көрсету керектігін және Арыс қаласының халқына қаржылай қолдау қажеттігін айтса, Сансызбай Айтпаев Ресейдің көршілес Палласовка ауданына қатынау үшін Жәнібек арқылы айналып баратынын, сондықтан оған Борсы ауылы арқылы өткізу пунктін ашуды сұрады. Мәруаш Мұқатаева электр торабының қызметкерлері өздері көрсететін ақылы қызмет туралы ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізсе деген өтінішін білдірді. Осы ауылда болған кезінде Азамат Сафималиев Бобров тоғанына барды және орта мектепте болып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Ал Жақсыбай ауылының тұрғындары Еркін Дүйітов ауылға дәріхана керектігін, сонымен қатар ұнның қымбатшылығын, Меңдеш Дәулетов бұрынғы МТМ-ның плиталарын алып, тротуар төсесе, Қайыржан Қажалаев шөп арзан бағамен сатылса деген ұсыныстарын айтты. Қабылдауға келген борсылықтардың барлығы дерлік шабындыққа уақытша жер сұрады. Осы ауылдағы жалғызбасты зейнеткер Сейсенбай Қонысбаев үйінің сыртындағы қоршауды жөндеп берсе деген өтінішін білдірсе, Бағдагүл Қапенова мен Алтынай Хаменова тұрақты жұмыс сұрап келді.

Қабылдау барысында жергілікті тұрғындардың мәселесі мен мұң-мұқтажын мұқият тыңдаған аудан әкімі мен мекеме басшылары көтерілген мәселелер бойынша алдағы уақытта жұмыстанатындықтарын жеткізді.

Лаура Халина