12.07.2019, 10:43
Қараулар: 546
   Кәсіпкерлермен ашық алаңдағы кездесу

   Кәсіпкерлермен ашық алаңдағы кездесу

         

 

Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев аудандық мәдениет және демалыс саябағында жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, оған аудандық мәслихаттың хатшысы Тахир Қадимов, аудан әкімінің орынбасарлары Жақсылық Абдолов пен Жұбаныш Хайруллин және мүдделі мекемелер мен дербес бөлімдердің басшылары қатысты.

Кездесуді ашқан Азамат Сафималиұлы ашық форматтағы бас қосудың мақсаты ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға байланысты кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, алдағы уақытта нақты проблемалар бойынша жұмыстанатындықтарын алға тартты.

Алғашқы болып сөз алған жеке кәсіпкер Бауыржан Сабанов ауылдан қоқыс шығарумен айналысатынын, бірақ соған тұрғындар жылдап ақша төлемейтінін, кадрлар тұрақтамаушылығын, азаматтық қоғам құру үшін жұмыссыздардың санасы өзгеруі керектігін, кәсіптік оқыту, жер, қор құру  мәселесін көтерді. Зейнеткер Нұрман Түменов бүгінде мал бағатын адамның табылмайтынын, сондықтан кәсіпкерлер жұмысшылардың айлыған көтерулері керектігін, «ЖәнібекТрансСервис» ЖШС-ның басшысы Айболат Аяпов несие, салық, газ, ауылдың ішінде отырып мал бордақылайтындар туралы айтты. Осы арада аудан басшысы Шыңғырлау ауданының  тәжірибесін ортаға салды. Азамат Сафималиұлының айтуынша,  Шыңғырлау ауылына мал кірмейді. Тұрғындар малдың тиісті қаржысын төлеп ауылдан тысқары жерде бақтыратын көрінеді. Тек өздеріне қажет болған жағдайда ғана барып алып келеді екен.

Зейнеткер Наталья Сажина «өз ісіңді жүргізу үшін үнемі оқу қажет, кәсіпкер экономист те, бухгалтер де, менеджер де, тіпті керек болса, малшы да болуы керек», — деді. Жәнібек ауылының тұрғыны Сержан Нысанбаев Мәжитов, Ықсанов көшелерінің бойынан балаларға арналған ойын алаңын, тротуар салу мәселесін қаузады.

Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов өз сөзінде пікір алмасу бағытында өткізіліп отырған кездесудің аудан халқының әл-ауқатын арттыру, жұмыссыздықты жою мақсатын көздейтінін тілге тиек етті. «Өндіріс туралы ойлануымыз керек. Әзірге кәсіпкерлеріміз тек сатып алу-сатумен ғана айналысуда. Ауыл шаруашылығы құрылымдары шығарған шығындарын субсидиямен жабуда. Бір жылда 130 мың текше метр ауыз су тұтынамыз. Бұрыннан кіргізгендері бар, кейіннен «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша тегін өткізгендері бар, 2 мың абонент ауыз суды пайдаланып отыр. Сол тұтынған суымыз үшін төлемін уақтылы төлеуіміз керек. Алайда оның 50 пайызы төленбеуде», — деді ол.

Ауыл тұрғыны Талғат Аймурзин өзінің жеке автокөліктерімен шөп таситынын, тұрғындардың септигіндегі суды шығаратынын айта келіп, ауыл тұрғындарының үйлерінен шығарған тұрмыстық калдықтарды арнайы төгетін орынға апармай, оған жеткізбей төгетініне, сол себепті қоқыстардың жолшыбай шашылып жататынына, ауылдың оңтүстік беткейінен ашылған саябақтағы теректерге судың уақтылы құйылмайтынына қынжылысын білдіріп, ауылдың тазалығына жаны ашитынын, оның баршаға ортақ екенін жеткізді.

Жеке кәсіпкер Марлен Сайхаденов ауыз судың тарифін көтеруге негіз бар екенін алға тартса, ауыл тұрғыны Жанаргүл Мәжитова «қарапайым халықтың да қамын ойлау керек» деген пікірін білдірді. Кездесу барысында, сондай-ақ Орал қаласынан келген «Кублей» ет комбинатының өкілі аудан тұрғындарынан түйеден басқа малдың барлығын, тіпті сарыпқа шыққан малды да қабылдайтындықтарын айтып, малдың бағасы, қабылдаудың жөн-жоралғылары туралы түсінік берді.

Кездесуді Азамат Сафималиұлы қорытындылап, мұндай басқосудың алдағы уақытта да ұйымдастырылатынын жеткізді.