8.08.2019, 15:37
Қараулар: 94
Өз мүддемді ойламай, Сыйладым елге барымды

Өз мүддемді ойламай, Сыйладым елге барымды

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөлімінің «Қоғамдық саяси тұлғалар» залында мемлекет және қоғам қайраткері, КСРО Журналистер одағының мүшесі, ақын Рахметолла Егізбаевтың туғанына 95 жыл толу мерейтойына орай даңқты жерлесіміздің өмірі мен шығармашылығын, еңбек жолын насихаттау, өнегелі өмірін бағалап, оның қадір-қасиетін танып, кейінгі ұрпаққа қастерлеп жеткізу мақсатында «Қалсам жетер елімнің, Ұмытылмастай жадында» атты көрме ұйымдастырылды.       Оған аудандық «Балдәурен» жазғы демалыс лагерінің оқушылары мен жетекшілері және балалар кітапханасының оқырмандары қатысты. Көрмеге Рахметолла Сүйіндікұлы туралы қорда сақталған Аралсор экспедициясы кезіндегі жазушылар Ғабит Мүсірепов, Хамза Есенжановпен бірге, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішінің ашылу салтанатындағы және т.б фотосуреттер қойылса, Р.Сүйіндікұлының туған інісі Уәлиолланың  қызы мен баласы Айжан Егізбаева мен Әубәкір Егізбаевтар ағалары туралы тапсырған естеліктері 1974 жылдың қыркүйек айында өз жазуымен қолтаңбасын қалдырған ашықхаты (открытка), Рахметолла ағаға  1982 жылы сыйланған С.Шаймерденовтың екі томдық  таңдамалы шығармалар жинағының  I томы, 1970 жылғы ағамыздың Ессентуки шипажайынан отбасына әкелген керамикадан жасалған  сувенир ыдысы, өз бейнесі салынған портреті,  ол  туралы газетке шыққан мақалалар, ақынның 247 беттік көне қалың дәптерге машинкамен теріліп жазылған әр жылдардағы шығармалар жинағы мен жерлесіміз Есенкелді Жексенов жасаған кеуде мүсіні көрмеден өз орнын тапты.

Көрмені музей экскурсоводы Еділ Ғалымжанұлы толықтай түсіндіріп болғаннан кейін, аудандық балалар кітапханасының белсенді оқырмандары Балғынбек Өктешов «Мақсат», Аяулым Қамитова «Ақ Жайық», Ақтолқын Жасқайратқызы «Сағындым, Шәрімбетті», Милана Айталиева «Наз» атты ақын өлеңдерін мәнерліп оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды. Әрмен қарай көрермендерге басқа да залдар мен «Соғыс оты шарпыған Жәнібек» панорамасына экскурсия жүргізілді.

Аудан тұрғындарын аталмыш көрме мен тағы да басқа музей экспозицияларын тамашалауға шақырамыз.

Сағыныш СЫРЫМОВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің

Жәнібек аудандық музей бөлімінің қор сақтаушысы