13.08.2019, 15:48
Қараулар: 499
Көшпелі семинар-тренинг

Көшпелі семинар-тренинг

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде «Латын керуені» атты көшпелі семинар-тренинг өтті. Тренингке Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» мәдени және рухани даму институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы, ғалым Омар Жалелұлы қатысты.

Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жұбаныш Хайруллин алыстан ат терлетіп, Жәнібек ауданына алғаш рет келіп отырған мейманға «қош келдіңіз» айтты. Сонымен қатар, ол, аталған семинар Ұзынкөл мен Күйгенкөл ауылдық округтерінде өтіп жатырғанын жиналғандардың қаперіне салып, сөз тізгінін Омар Жалелұлына берді.

Абайтанушы, ең алдымен тарихқа тоқталып, әліпбидің пайда болуына шолу жасады. Сондай-ақ дін, ажырасу, бала тәрбиесі сияқты көкейтесті тақырыптарды қозғап, бұларға бір бөлек семинар өткізу керектігін айтты. Латын қарпі арқылы елімізді реттеп алуға үлкен мүмкіндік туып отырғанын тілге тиек етті. Шешен осы көкейтесті тақырыптардың бәріне айқын мысалдар келтіріп, қызықты етіп баяндады.

Екі сағатқа созылған тренинг мазмұнды әрі тартымды өтіп, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Семинарға жиналған жұртшылық ғалымға түрлі сауалдар қойып, жауабына көңілдері толып, разы болды.

Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Жұбаныш Таңатарұлы аудан әкімінің атынан Омар Жалелұлына алғысхат табыс етті.

Г.ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ