15.08.2019, 16:14
Қараулар: 464
Халық қадірін білген азамат

Халық қадірін білген азамат

 

Ардагерлер үйінде аудандық ардагерлер кеңесінің ұйтқы болуымен  Ұлы Отан соғысына қатысушы, еңбек ардагері,  Кеңес Одағы кезінде бірқатар жоғары лауазымды қызмет атқарған азамат Бектас Иманғалиевті еске алу кеші өтті. Жуырда Орал қаласында өткен еске алу кеші ауданымызда жалғасын тауып, оған «Nur Otan» партиясы Жәнібек аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиев, Бектас Иманғалиевтің ұлы Замир Иманғалиев және қыздары Залия, Айгүл, Римма Иманғалиевалар  қатысты. Сондай-ақ «Халыққа қадірін асырған азамат» атты көрме кештің көркін келтіріп, онда Бектас Иманғалиевтің әкесі, атақты шопан, Социалистік Еңбек Ері  Иманғали Жұмаевтің өмір тарихынан сыр шертетін кітаптар мен естеліктер қойылды. Кешке қатысқан Біржан Қайырғалиұлы мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, еске алу кешінің иесімен қызметтес болып, көзін көре қалған және кеш иесінің жары Биғайша Ержанқызының шәкірті  Мертен Кенжеғалиев, Бақтыгерей Қарашев, Ғайнөш Дегетаев, Кенжебай Қабдысалиевтер өз ойларымен бөлісіп, Бектас Иманғалиевтің мінезге байлығын, ақылдылығы мен тиянақтылығын, спортқа жақын болғандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, шахматтан турнир ұйымдастырылып, онда Мұса Айтқалиев «Белсене қатысқаны үшін», Мұхамеджан Темірәлиев «Үздік ойын үлгісін көрсеткені үшін», Мертен Кенжеғалиев «Турнир ақсақалы», Шынтемір Рамазанов «Үздік техникасы үшін» номинацияларын иемденсе, Бақтыгерей  Қарашев III орын, Есмұханбетов Батый  II орын, Серік Масанов жүлделі I орынды алып, марапат пен естелік сыйлықтарға ие болды.  Кеш соңында Бектас Иманғалиевтің  ұл-қыздары кешті ұйымдастырушыларға  ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.

Гүлім АСҚАРҚЫЗЫ