15.08.2019, 16:11
Қараулар: 526
72 қылмыстың алпысы ашылды

72 қылмыстың алпысы ашылды

Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде есеп беру жиыны өтті. Есеп беру жиналысын аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов ашып, аталған жиын жылына екі рет оздырылатынын айтты. Әрмен қарай аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Манарбек Қаташев 2019 жылдың қаңтар айынан тамыздың он бесіне дейін атқарған жұмысы туралы тұрғындар алдында есеп берді. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың жеті айында бекітілген жоспарға сай жұмыс атқарылған.

-Атқарылған іс-шаралар нәтижесінде есепті мерзім ішінде 72 қылмыс тіркелді. Ол 2018 жылмен салыстырғанда 11-ге аз. 72 қылмыстың ішінде 60 іс аяқталып, жабылды. Аталған істің 56-сы қылмыстық құқықбұзушылық, соның ішінде 9 онша ауыр емес, 39 орташа ауыр, 4 ауыр және 4 аса ауыр санаттағы және 16 теріс қылмыстық істер тіркелді. Сонымен қатар мал ұрлығының 6 дерегі тіркелсе, соның 5-еуі ашылды. Ұялы телефон ұрлығының 6 дерегі орын алса, соның барлығы да ашылды. Жедел іздестіру шаралардың нәтижесінде бір қылмыстық теріс қылық анықталып, ол ҚР ҚК 296 бабының 2 бөлігімен сотқа жолданды. Сондай-ақ, профилактикалық есепте тұратын тұлғалардың тарапынан қылмыс немесе құқықбұзушылықтарды болдырмау, алдын-алу мақсатында жұмыстар жүргізілді. Аталған есепте барлығы 168 тұлға тіркелді. Қазіргі таңда аудан бойынша 82 адам көлік құралын басқару куәлігінен айырылды. Кәмелетке толмағандар істері жөнінде, яғни кәмелет жасқа толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерін ертпей, үй-жайдан тыс жүрген 61 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік хаттама толтырды. Көші-қон саласы бойынша 185 құқықбұзушылық анықталып, 709525 теңге айыппұл салынып, толық өндірілді. Азаматтық және қызметтік қару айналымы саласында қаруларды тексеру барысында аудан көлемінде 17 құқықбұзушылық анықталып, 233562,5 теңге айыппұл салынып, соның 195687,65 теңгесі өндіріліп алынды, — деді Манарбек Мақсотұлы.

Жиын аяқталған соң аудандық полиция бөлімінің бастығы тұрғындарды жеке қабылдады.

Гүлзара МӘДИ