21.08.2019, 16:46
Қараулар: 229
Көрермен көңілінен шыққан кеш

Көрермен көңілінен шыққан кеш

Аудандық мәдениет үйінде Қадыр Мырзалиев атындағы облыстық мәдениет және  өнер орталығының «Қадыр жолымен…» жобасы аясында құрылған «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымының әдеби-сазды кеші өтті. Алты Алаштың абыз ақыны атанған Қадыр Мырза Әлидің есімін ұлықтап, атына орталық ашып, еңселі ескерткішін көтергелі төрт жылға қадам басты. Кеште ақынның шығармашылығы бейнеролик арқылы жиналған жұртшылыққа көрсетілді. Ашылу салтанатында сөз алған аталған орталық директорының орынбасары Нұржан Тасболатов сөз сөйлеп, Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған «Кездер-ай», «Домбыра», «Сыған серенадасы» әндерін тамылжыта шырқады.

Кеш барысында ақынның сөзіне жазылған «Тамаша», «Атамекен», «Өз елім» әндерін халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты «BatysStar» тобы шебер орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Әдеби-сазды кеште Қадыр атамыз туралы естеліктер айтылды. Сахнаға шыққан Тимур Ниязбек ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыса, Гүлзада Ахметова ақынның сөзіне жазылған Шәмшінің «Тамды аруы» әнін жас әнші шырқап, көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Сазды кеш Бекболат Қаленов, Әділ Ахметов, Мұрадым Мирланов және Айнабек Бисенғалиевтің айтысымен аяқталды.

Сахнаға көтерілген аудан әкімінің орынбасары Жұбаныш Хайруллин ауданымызға келіп, әнсүйер қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны үшін Қадыр Мырзалиев атындағы облыстық мәдениет және  өнер орталығының   көркемөнерпаздарына алғыс білдіріп, аудан әкімінің атынан алғысхат пен естелік сыйлық табыс етті. Кеш соңында ауыл тұрғыны  Меңсұлу Жұмақұлова аталған ұжымға ризашылығын білдіріп, шын көңілінен шыққан өлең шумақтарын арнаса, аудандық мәдениет үйінің директоры Алтай Бақтығалиев айтыс ақыны Айнабек Бисенғалиевтің иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты.

Лаура ХАЛИНА,

Суреттерді түсірген Асылжан Тұяқов