29.08.2019, 17:29
Қараулар: 441
Он жоба грант ұтып алды

Он жоба грант ұтып алды

Бүгін Жәнібек ауданы орталығында аудан әкімдігінің қолдауымен «Zhas Project» жастарды қолдау орталығы ашылды. Орталық жәрмеңке түрінде өтіп, оған аудан әкімінің міндетін атқарушы Жақсылық Абдолов, әкім орынбасары Жұбаныш Хайруллин, бөлім басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.

-Жастар жылы аясында республикада жастарға арналған көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі ауданда алғаш рет «Zhas Project» жобасы іске қосылды. Аудан әкімдігінің қолдауымен, міне, орталық та ашылды. Жәнібек ауданы бойынша 31 жоба, яғни 99 адам бағын сынап, грантқа қатысты. Соның ішінде 10 жоба грантты ұтып алып, бүгінгі таңда кәсібін айналдырып отыр. Бүгін аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Zhas Project» жәрмеңкесін көрме ретінде ауыл тұрғындарына ұсынып отырмыз. Көрмеде грант ұтып алған он жоба өз кәсібінің түрін ортаға салды. Мысалы, жылыжай, мал шаруашылығы болса, өнімдерін, қыз жасауы болса, бұйымдарын, ұсынды. Ал, осы жұмысын бастап кеткен орталықта шаштараз бен Playstation клубы тұрақты түрде қызмет көрсетеді, — деді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мирас Иманғалиев.

Еске сала кетейік, жастар жылы қарсаңында «Zhas project» жобасы негізінде ұзақ мерзімді әлеуметтік және кәсіпкерлік бағыттағы жобаларға 1 млн. теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Аталған жобаға 14 пен 29 жас аралығындағы мектеп оқушыларынан басқа барлық жас қатыса алады. Жобаны 4-5 жас бірігіп ұсынуларына болады. Шарт бойынша олардың алғашқы алты айда өндірген немесе көрсеткен қызметі тегін болуы тиіс. Сондай-ақ жобаға қатысқан әрбір адамға 40 пен 60 мың теңге аралығында шәкіртақы беріледі.

-Мал шаруашылығын жүзеге асыру мақсатында Борсы ауылдық округіне қарасты Тегісшіл елді мекенінде «Шын жүректен» жобасы жұмыс жасауда. Алғашқы 500 мың теңгеге екі бұзаулы сиыр сатып алып, алынған өнімімен 2-3 аз қамтылған отбасыға көмек көрсетудеміз, — дейді топ басшысы Нұрберген Беркімбаев.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар