30.08.2019, 18:38
Қараулар: 430
«Мектепке жол» — мейірім жолы

«Мектепке жол» — мейірім жолы

Жыл сайынғы дәстүрге сай республика көлемінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтуде. Бұл игілікті шарадан Жәнібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де шет қалмады. Тәртіп сақшылары көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, нақтырақ айтсақ, аудан бойынша он бір отбасыға мектепке қажетті оқу-құралдарын табыс етті.

Жиында аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Манарбек Қаташев, полиция ардагері Ерсайын Махлеев пен кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторы, полиция аға лейтенанты Айбек Ғазезов сөз сөйлеп, ата-аналар мен оқушыларға жаңа оқу жылында табыс тіледі.

-Баршаңызды жаңа оқу жылымен құттықтап, аталған акция тек бір рет қана болмай, әрдайым қол ұшын беруге әзірміз. Қай уақытта да есігіміз ашық. Балаларыңыз сабақтарын жақсы оқып, мақтан тұтарлық азамат болсын, — деді Манарбек Мақсотұлы.

Акция барысында мұқтаж балаларға мектеп формасы, портфель, кеңсе тауарлары түрінде көмек көрсетілді. Көмек алған балалардың ата-аналары мен қамқоршылары мейірімділік танытып, қолдау көрсеткен мүдделі азаматтарға ризашылықтарын білдірді.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ