5.09.2019, 16:29
Қараулар: 114
Ана тілімізге арналды

Ана тілімізге арналды

5 қыркүйек – Қазақстан  халқы тілдері күніне орай БҚО тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөлімі мен   аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Ана тілі – азығым, адастырмас қазығым» танымдық шара оздырылды.

Кеш шымылдығын облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөлімінің қор сақтаушысы Меңдібек Сырымов ашты.

Шарада көрермендер экранға назар аударып жас та  арынды ақын Жамбыл Дүйсеновтың 8 жасында ана тіліміз туралы шығарған өлеңін тамашалаған соң, кешіміздің құрметті қонақтары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді  Уәлиев, ардагер ұстаз, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері»  Қабаш  Жүнісов,  ұзақ жылдар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған  ардагер ұстаз Меңсұлу Сәпиқызы мерекелік құттықтау лебізін   арнап,  тіл хақындағы өз ойларымен бөлісті.

Қазақ тілін ана тіліндей еркін меңгерген, халқымыздың ұлттық төлтума өнері домбырада күмбірлете күй төгіп, әуелете ән салып жүрген  әзірбайжан  қыздары Тамара  Кафарова мен Наргиза   Касумова ақжарма тілектерін айтып, Тамара Жұрышқызы халық әні «Тойбазар»-ды әуелетсе, Наргиза Баймұратқызы Құрманғазының «Серпер» күйін күмбірлетті.

Балалар кітапханасының белсенді оқырмандары мен  Т.Жароков  атындағы жалпы білім беретін  орта мектептің 6-сынып оқушылары  Жұлдызай Сайын, Аяулым Жұмәлиева Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым», Оралхан  Қойбағаров  Сұлтанмахмұт  Торайғыровтың  «Қазақ тілі», Ақниет  Темірәлі Әкім Ысқақтың   «Ана тілі»,  Аружан Тельман Дихан Әбілевтің  «Туған тілім», Әли Насипов Несіпбек Айтұлының  «Ана тілім»,  Айнара Талғатқызы Мағжан Жұмабаевтың  «Қазақ тілі», Диас Ғарифолла, Дінмұхамбет  Ерболат С.Иманасовтың  «Тіл»   өлеңдерін нақышына келтіре оқып берді.

        Аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Жанаргүл  Захарқызы «Ана тіл – ана сүтім, арым менің» атты кітап көрмесімен таныстырды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Ғарифоллақызы қорытынды сөз сөйледі.

 

Меңдігүл ФАЗЫЛОВА,

Облыстық  тарихи-өлкетану музейінің

Жәнібек аудандық музей бөлімінің меңгерушісі