9.09.2019, 18:17
Қараулар: 383
Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру қажет

Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру қажет

 

 

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты биылғы халыққа  Жолдауын талқылауға арналған актив жиналысы оздырылып, оған облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, ауданның мекеме, ұйым басшылары, ауылдық округ әкімдері, жеке кәсіпкерлер, шаруашылық құрылым өкілдері, қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиында аудан әкімі Азамат Сафималиев Жолдаудың негізгі бағыттары туралы баяндама жасады. Баяндама бойынша жарыссөзге қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев Президент Жолдауына байланысты өз ойын айта келіп, ел бірлігін арттыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын арттыру қажеттігін баяндады. –Аудандағы көптеген мекемелер мен ұйымдарда ардагерлердің басын құрайтын бірлестіктер құрылмаған. Ауылдық округтерде ардагерлермен жұмыс бір жүйеге қойылмай келеді. Үлкен кісілер көбіне дүниежүзілік қариялар күні мен қайырымдылық айлығы кезінде еске алынады. Ауданда өткіліп жатқан шаралардың көбі тек есеп беру үшін оздырылады деуге негіз бар. Жиналысқа адамдар аз қатысады. Ардагерлерден құрылған «Ақниет», «Надежда», «Ардагер» ансамбльдері мен домбырашылар тобы жұмыс істеп келеді. Соңғы кезде аталған көркемөнерпаздардың жұмысына аудандық мәдениет бөлімінің  немқұрайлы қарауынан  олардың жұмысын үйлестіріп отыратын адам жоқ. Сол себептен бұл көркемөнерпаздар ұжымы тарқап кетуге жақын,-деді А.Уәлиев өз сөзінде. Ол, сондай-ақ елді мекендер мен жер, су атауларының зерттеп, қосымша мәліметтер жинауда аудандық  музей,  мәдениет және білім беру бөлімдерінің, аудандық газет редакциясының  жұмысы жеткіліксіз екендігін айтып, Ғұмар Қараш кесенесінің түбіндегі тоғанға Талов ауылдық округінің малы жайылатынын, ол аздай  қорымның қасына мал қыстағы салынып жатқандығын баян етті. Сол сияқты Ғ. Қараш атындағы мектепте тек ақын-философқа арналған бұрыш қана бар екендігін, алдағы уақытта бұған  арнайы ғимарат ашып, не болмаса  бөлме беру қажеттігін айтты.

Актив жиналысында аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мирас Иманғалиев, Т.Жароков атындағы мектептің мұғалімі Гүлманат Жұмабаева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкері Күлаш Биғалиева,  еңбек ардагері Ибрайым Сұлтанов сөз сөйлеп, Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді жергілікті жердегі айқын мысалдарды келтіре жеткізді.  Жиынды аудан әкімі Азамат Сафималиев қорытындылады.

                                                                                 Н.ӨТЕЙ