19.09.2019, 15:57
Қараулар: 191
Қоғам қайраткеріне арналды

Қоғам қайраткеріне арналды

Жәнібек аудандық ардагерлер үйінде аудандық орталықтандырылған кітапхананың ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз,  Жәнібек ауданын 1963-1972 жылдары басқарған Рахметолла Егізбаевтың туғанына 95 жыл толуына арналған шара оздырылды. Шараның беташарында Рахметолла Сүйіндікұлының 1960 жылдары ауданды басқарып тұрған тұста аудан активімен кездесуден көрініс көрсетілді. Сондай-ақ слайд арқылы қоғам қайраткерінің өмір жолын бейнелеген фото-деректер көрермен назарына ұсынылды. Жиында оның өсу, лауазымды қызмет сатылары туралы баяндалды. «Nur Otan» партиясы аудандық  филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиев сөз сөйлеп, қоғам қайраткерінің есімі жерлестерінің есінде мәңгілік қалатынын, осы шараны өткізуге дәнекер болған аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымына, ардагерлер ұйымына ризашылығын білдірді. Р.Егізбаевтың қамыстылық жерлесі Серік Сүлейменов пен  белгілі әнші Шынар Қаюпова  құлаққа жағымды әндер  шырқап, кештің сәнін ашты. Мемлекет және қоғам қайраткерінің кадрларды тәрбиелеу, іріктеу, орналастырудағы зор еңбегі, ұйымдастыру қабілеті, ауданның экономикалық және мәдени өркендеуіне сіңірген өлшеусіз үлесі жайында аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Аманкелді Уәлиев, еңбек ардагері Ибрайым Сұлтанов татымды естеліктер айтты. Шара барысында, сол сияқты кітапхананың белсенді оқырмандары Рахметолла Сүйіндікұлының өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Шара соңында қоғам қайраткеріне арнап шығарылған «Халыққа қадірін асырған азамат» атты кітап көрмесі таныстырылды.

         Н.Өтей