19.09.2019, 17:21
Қараулар: 183
Ардагерлермен кездесті

Ардагерлермен кездесті

Баспасөзге жазылу науқаны қарсаңында Жәнібек аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Нұрымбек Жапақов аудандық ардагерлер үйінде ардагерлермен кездесу өткізді. Кездесуде ол газет редакциясының бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып, оқырмандармен байланыс, басылымның таралымы, болашақтағы жоспары жайында хабардар қылды. Өз кезегінде сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев бүгінде «Шұғыланың» басқа елден келген адамдарға қысылмай аудандық газет деп көрсететін басылымға айналғанын айта келе, өңірдің тарихына байланысты мақалалар көбірек жазылса деген тілегін айтты. Кездесуде, сондай-ақ еңбек ардагері Қабаш Жүнісов газетте соңғы кезде мәселе көтерген мақалаларға жиі орын берілетінін, басылымның  болашағы бар жас тілші-журналист қыздармен толығып отырғанын сөзіне арқау етті. –Газетте өзекті мәселелер жазылады, алайда соның қорытындысын тексеріп, жариялау кемшін. Мектептерде жазу өнеріне талпынатын оқушы — ұлдарға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері көмектесіп, газет тілшілері соларға сүйеу, демеу болса, алдағы уақытта сол жас жігіттерден мықты журналист шықпасына кім кепіл,-деді ол. Сол сияқты Меркен Кенжеғалиев, Ибрайым Сұлтанов сынды еңбек ардагерлері сөз сөйлеп, аудандық газеттің оқырмандар үшін бәсі барлығын, сондықтан жұртшылық аудандық басылымға жазылуға ниетті екендігін жеткізді.  Кездесу барысында ардагерлер «Шұғыла» газетіне тегістей жазылып, басылымға қолдау көрсететінін жеткізді.

                                                                          А.ТҰЯҚОВ