23.09.2019, 11:19
Қараулар: 503
Спорт алаңы ашылды

Спорт алаңы ашылды

Жерлесіміз Рахметолла Егізбаевтың 95 жылдығына орай Борсы ауылдық округіне қарасты Тегісшіл елді мекеніндегі мектеп ауласында жазғы спорт алаңы пайдалануға берілді.

Спорт алаңның ашылуында мектеп оқушылары флешмоб билеп, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Жазғы спорт алаңның ашылу салтанатында сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов ауданда бірқатар жұмыстардың жүріп жатқанын тілге тиек етіп, осы нысанды салуға үлес қосқан «ЖәнібекТрансСервис» ЖШС-нің директоры Айболат Аяповқа алғысын жеткізді. Жаңадан пайдалануға берілген ойын алаңында аудан әкімшілігі ауылдың жас спортшыларына сыйлық ретінде спорт киімдерін тарту етті.

Жиында сөз алған ауылдың ақсақалы Әбусалық Дишенов балалар үшін алаңды салып, пайдалануға беруге дәнекер болған аудан, ауыл әкімдіктеріне, ЖШС басшысы мен құрылысшыларға алғысын білдірді.

«ЖәнібекТрансСервис» ЖШС-нің директоры Айболат Аяповтың айтуынша, жазғы спорт алаңының құрылысына 11 млн. 424 мың теңге ақша бөлінген. Құрылыс жұмыстары бір айға созылып, оған ауыл тұрғындарынан төрт адам жұмысқа тартылды.

Жаңа нысанның тұсаукесер рәсімі аяқталған соң ауылдық округ пен елді мекендердің командалары арасында шағын футболдан турнир өткізілді.

Г.ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ