23.09.2019, 11:26
Қараулар: 197
Тегісшілдегі той

Тегісшілдегі той

Халық есінде ұзақ сақталар есімдерінің бірі, абзал азамат, ақын, қоғам қайраткері Рахметолла Егізбаевтың 95 жылдығына орай Борсы ауылдық округіне қарасты Тегісшіл елді мекенінде мерекелік шара мен дала қызықтары өтті.

Ауыл шетіне аппақ киіз үйлер тігіліп, ақ дастархан жайылды. Киіз үйлердің бірінде думанға жиналған қауым аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен музейдің жасақтаған көрмесін тамашалады.

Мерекелік думанда сөз алған аудан әкімі Азамат Сафималиев Рахметолла Егізбаевтың өмірі мен қызметіне тоқталып, тегісшілдіктерді мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, Бөкей Ордасы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Ажығалиев барша жиналған қауымға Рахметолла Егізбаев екі ауданға да сыйлы азамат болғанын айтты. Ол аудан әкіміне алғысхат, Тегісшіл мектебіне фотоколлаж тарту етті.

Концерт Р.Егізбаевтың шумақ өлеңдерімен басталып, қазақ биімен жалғасын тапты. Аудандық «Жәнібек сазы» халықтық фольклорлық ансамблі Есбайдың «Ақ ілме» және Құрманғазының «Адай» күйлерін орындап, Тамара Кафарова ансамбльдің сүйемелдеуімен «Қымыз құйғыш қыз» халық әнін шырқады. Оқушылар мәнерлеп оқыса, әншілер Ш.Каюпова, Р.Каримов, Қ.Хамидолла, Б.Қарабасова, Е.Ержан, Д.Үмбетәлісазды әндерді әуелетті.

Шара дала қызықтарымен жалғасын тапты. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан топ бәйге, тай жарыс, аударыспақ сынды ұлттық ат спорты ойындары, сонымен қатар қазақша күрес пен жанбатуды қонақтар мен елді мекен тұрғындары қызыға тамашалады. Дала қызықтарына Бөкей Ордасы мен Қазталов аудандарынан шабандоздар келіп, өнер көрсетті. Сонымен аударыспақтан 70 келіге дейін 1, 2, 3 орындарды тиісінше Рахат Бақтығалиев, Али Мәлік, Әлішер Ерболат және 70 келіден жоғары 1, 2, 3 орындарды сәйкесінше Әлішер Ерболат, Рахат Бақтығалиев, Рауан Болат иемденді. Қазақша күрестен 70 келіге дейін салмақ дәрежесінде бірінші орынды Сырым Байсов алса, «түйе палуан» атағына Серік Самодиянов ие болды. Жанбатудан бірінші, екінші және үшінші орындарды Жасұлан Закаев, Саят Ахметов, Орынбек Рүстемов қанжығаларына байлады. Тай жарыс пен топ бәйгенің бас жүлдесі жәнібектік Мирболат Теміров пен қазталовтық Миршат Насыровқа бұйырды. Ұлттық ойындарға Борсы ауылы мен Тегісшіл елді мекенінің шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлері демеушілік көрсетті. Жеңімпаз және жүлдегерлерге медаль, диплом және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ