26.09.2019, 12:27
Қараулар: 192
Тірлігін дөңгелеткен отбасылар

Тірлігін дөңгелеткен отбасылар

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен сәуір айынан бастап, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған шаралардың шарапатын сезініп отырған бұқараның бұған айтар алғысы мол. Аудан тұрғындары да атаулы әлеуметтік көмектің арқасында тірліктерін дөңгелете бастады. Мәселен, Талов ауылының тұрғыны Гүлжайнаш Мұтаева атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғаннан кейін бұзаулы сиыр сатып алды. Қазір отбасы осы малдың өнімін өндіріп, бала-шағасын асырап отыр. Тағайындалған әлеуметтік көмек көп болмаса да, отбасы бұл қаржыны тиімді жұмсауда. Гүлжайнаштың айтуынша, сәуір айынынан бастап ай сайын 49449 теңге алуда.

-Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмастан бұрын мен де жұбайым да жұмыссыз едік. Көмектің игілігін көріп отырмыз деп айта аламын. Бір бұзаулы сиырды ауылдағы шаруа қожалығымен келісіп, ақшасын ай сайын беріп отыруға келістік. Алдағы мақсатымыз қорамыздағы мал басын көбейтіп, ел қатарлы өмір сүру. Жалпы қара малдың пайдасы көп. Қазіргі таңда жұбайым да, мен де тұрақты жұмысқа орналастық,- дейді ол.

Атаулы әлеуметтік көмек көпбалалы отбасылардың қолын ұзартты. Осындай көмектің пайдасын күйгенкөлдік Нұрлыбек Жұмағұлов та көруде. Үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған отбасыға ай сайын 111404 теңге атаулы әлеуметтік көмек тиіп отыр. Осы қаражатқа 1 баспақ  және 4 тоқты алды. Бірақ үйлерінде мал ұстауға мүмкіндік болмағасын, ағасының шаруа қожалығындағы малға қосып, жем-шөбін алып бағуда. Алдағы уақытта үйінің жанынан қора салып, төрт түлікті көбейтпекші.

Сонымен қатар Жәнібек ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Жанаргүл Сағадетоваға бір жылға 1 406 892 теңге атаулы әлеуметтік көмек берілген. Бұған қоса, ол аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 25 күн оқып, қайтарымсыз 505000 теңге грантқа ие болды. Сол арқылы ол жұбайымен бірге дәнекерлеу ісін қолға алды.

Мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмекті алған әр отбасы оны тиімді пайдаланып, мүмкіндікті жіберіп алмауы керек. Тірліктерін дөңгелетіп, мұқтаждықтан арылудың жолын іздеу қажет.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ