2.10.2019, 9:47
Қараулар: 144
Мал ашуы – жан ашуы

Мал ашуы – жан ашуы

Ауданымызда жыл өткен сайын мал ұрлығының саны артуда. Бірінің малы өрісте ұрланса, бірінікі қорадан қолды болуда. Әрине, жылдар бойы бағып-қағып, баптап-күткен малдарынан бір сәтте айырылып қалу кім-кімге де оңай тимесі анық. «Мал қайғысы – жан қайғысы» дейтін, «мал,  жан аман ба?» деп хал сұрасатын халық арасында мал ұрлығы белең алып тұрғаны аудан тұрғындарын қынжылтады. Күзгі маусым да аяқталуға таяу. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, оңай әрі мол олжаға батуды ойлайтын жандар союға жарамды көзіне түскен малды жоқ қылуға дайын. Қырағылық танытпаса жаз бойы емін-еркін жайылып семірген малдар қолды болуы анық.

Малдың жоғалуының бірінші себебі оның бағылмауынан. Малдың жауы көп екені аян. Төрт аяқтыдан қасқыр болса, екі аяқтыдан адам баласы. Бұрын малды ит-құс жесе қаңқасы қалып, қарға үймелеп, «менмұндалап» жатушы еді. Қазір жоғалған мал зым-зия, бір белгісі қалмай құриды. Демек, малдың жоғалуының басты себебі – ұрлық, яғни адамның ісі.

Аудандық полиция бөлімінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, 2018 жылдың тоғыз айында 20 қылмыстық құқықбұзушылық деректер тіркелсе, оның он тоғызы ашылды. Бір қылмыстық істе күдікті анықталмауына байланысты ҚР ҚПК-нің 45-бабы 1 бөлігі 7-тармағына сай мерзімі өндірістен үзілді. Ал биыл тоғыз ай ішінде 12 қылмыс тіркеліп отыр. Оның тоғызы аяқталып, үшеуі күдікті анықталмауына байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.

— Аудан бойынша мал ұрлығы өршіп тұр. Қазіргі уақытта қиындық туғызып отырған даладағы мал ұрлығы. Қараусыз, бағусыз жүрген мал ұрыларға тегін олжа емес пе?.. Даладан ұрланған малды табуға көп күш, уақыт керек. Біз оны тапқан бойда сотқа жібере алмаймыз. Нақты дәлелдемелер іздеп, сол дәлел арқылы сотқа жібереміз. Ал ол дәлелдемелерді табу үшін ұрланған мал уақытында құзырлы органдарға хабарлануы керек. Тұрғындар өздері жіберген малды екі-үш аптадан кейін немесе ай өткен соң іздеп таппаған соң бізге хабар береді. Ол уақытта қылмыстық із суып үлгереді. Осы тұрғыда жұмыстар кеңінен жүргізіліп жатыр. Шындығын айту керек, мал ұрлығы аудандағы ең күрделі мәселе болып отыр. Ал учаскелік инспекторлардың әрбір малдың соңында жүруге мүмкіндіктері жоқ,- деді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция капитаны Медет Бисақов.

Қалай десек те ауданда мал ұрлығы төмендеудің орнына өршіп, мал ұрлығымен күрес әлі күнге дейін өткір күйінде қалуда. Ал, ұрлықтың алдын алу үшін мал иелері, жергілікті билік пен құқық қорғау орындары өзара түсінісіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істесе өзгенің малын олжа қылып жүрген ұры-қарыларға тосқауыл қойылып, ұрлық азаяры сөзсіз.

P.S. Мал ұрлығымен күресу барысында жалғыз құқық қорғау органдарының жұмысы жеткіліксіз. Төрт түліктің, негізінен, жайылым­дарда жоғалып кететінін ескерсек, ауыл халқының малға күзетті күшейткені абзал. Мал бағуды жауапты, сенімді адамға тапсыру керек. Тұрғындардың өз малының қауіпсіздігіне жүрдім-бардым қарауын тоқтатпайынша, құқық қорғау органдарының қылмыскерлермен күресі оң нәтижесін бере қоюы екіталай…

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ