3.10.2019, 17:07
Қараулар: 118
Тәлімгерлік кабинет ашылды

Тәлімгерлік кабинет ашылды

Қариялар күніне орай аудандық полиция бөлімінде тәлімгерлік кабинет ашылды. Аталған кабинет қызметінің мақсаты — құқық қорғау саласында ұзақ жылдар қызмет атқарып, зейнетке шыққан Бекет Әліпқалиев, Ерсайын Махлиев, Ғайнолла Айдынәлиев, Берік Төлеуов, Хабидолла Дәулетқалиев, Қайырғали Нысанбаев сынды ардагерлердің осы қызметтегі жас мамандарға бағыт-бағдар мен кеңес беріп, өз тәжірибелерімен бөлісуі болып саналады.

Ашылу салтанатында сөз алған аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Манарбек Қаташев ардагерлердің осы салада жұмыс тәжірибесі мол, сонымен қатар зейнетте болса да көрген-білгенімен бөлісуге әзір екендігін айтып, Бекет Әліпқалиұлына кабинеттің кілтін табыс етті.

-Ардагерлердің тәжірибесі мол. Қызмет болғаннан кейін, онда кемшіліктер де, жетістіктер де болады. Сол жетістіктерді әрмен қарай жетілдіру үшін бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Ардагерлердің ішкі оперативтік жұмысқа араласуының құқығы жоқ. Бірақ сыртқы қоғамдық тәртіппен кездесетін келеңсіздіктерді жою, ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру, халыққа полицияның жетістігін тарату мақсатында ардагерлердің атқаратын қызметі мол. Осы салада қызмет атқарған аудан бойынша 13 ардагер бар. Соның ішінде белсенділері, осы кабинеттің ашылуына өз үлестерін қосты. Өз тарапымыздан жас полиция қызметкерлеріне ақыл-кеңес беріп, жәрдемдесуге әзірміз,- деді ішкі істер органының ардагері Бекет Әліпқалиев.

Гүлзара МӘДИ