9.10.2019, 17:11
Қараулар: 67
«Мен де бір серің едім…»

«Мен де бір серің едім…»

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде алты алашқа ән оздырған Мұхит пен Ғарифолла секілді ән дүлдүлдерінің ізін басқан ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ғарифолла Құрманғалиевтің төл шәкірті, дәстүрлі әнші Сағадат Рахметжановтың «Мен де бір серің едім ән шырқаған» атты шығармашылық концерті өтті.

Сахнаға ұлттық ою-өрнекпен әдіптелген шапан киіп, қолына қазақтың қара домбырасын ұстап шыққан Сағадат халық өмірінің әр кезеңдегі тыныс-тіршілігі, заман үні көрініс тапқан әндерді, атап айтқанда, Қисаның әні «Қисаны», атыраулық бард әнші Табылды Досымовтың кезінде банды әрі сері атанған Аманғалиға шығарған «Аманғалидың монологі», ордалық батыр Бисен Жәнекешевтің «Нарын», өз шығармасы «Халықпен амандасу», Мұқағалидың «Арыз жазып кетейін немесе менің туған күнім», Сүгірдің термесін және қара өлеңдерден попурриді өзіне тән мақаммен асқақтата шырқады.

Концерт барысында халқымыздың жаны, рухани өмірінің айнасы болып табылатын дәстүрлі ән мен күй қазіргі заманауи әндермен қоса өріліп, сабақтасып отырды. Төл өнеріміздің ән серісі атанған С.Рахметжановтың шашбауын көтере келген Әлібек Қуаншалиев Қазанғаптың «Жем суының тасқыны», Айтқали Жайымовтың «Күй ана» және Руслан Әліпқалиевтің дауылпазда сүйемелдеуімен Құрманғазының «Адай» күйін күмбірлете төкті. Сондай-ақ Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның жас әншілері Нұрлан Қожахметов пен Айдана Орынғалиева «Әдемі», Нұрлан «Аяулы ана», «Биле», Айдана «Соңғы вальс», «Алғашқы көктем» әндерімен көпшілікті бір серпілтіп тастады. Концерт дуэттің орындауында  «Қазақ елі» әнімен өз мәресіне жетті.

Сахнаға көтерілген аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов дәстүрлі ән маржанын дәріптеп, бабаларымыздан мирас боп жеткен төл өнерімізді насихаттап жүрген Сағадат Рахметжановты асқаралы 60 жасымен құттықтап, аудан әкімдігі атынан алғысхатпен марапаттап, бағалы сыйлық табыс етті.

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ