12.10.2019, 0:16
Қараулар: 112
Ғұлама ақын Ғұмардың 145 жылдығы

Ғұлама ақын Ғұмардың 145 жылдығы

 

Биыл ұлы ойшыл, ақын Ғұмар Қараштың туғанына 145 жыл. Осыған орай мереке Борсы ауылында «Есімін ұлықтаған Ғұмар елі» атты мәдени-көпшілік шарамен бастауын алды. Аудан әкімінің орынбасары Жұбаныш Хайруллин жиналған қауымды мерекемен құттықтап, сөз сөйледі. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев Ғ.Қараштың өмірі мен қызметі туралы баяндама жасады. Салтанатты шара Ғ.Қараш атындағы мектеп оқушыларының ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу, ауданның жезтаңдай әншілерінің, ауылдың мың бұралған бишілерінің өнерімен жалғасын тапты.

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен «Ақбастау» жастар бірлестігінің ұйымдастыруымен жастар спартакиадасы өтті. Барлық ауылдық округ қатысқан спартакиадада қазақша күрес, ләңгі тебу, қымыз ішу, өгіз тартыс, асық ату, арқан тартыс, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындар мен аударыспақ, жамбы ату ұлттық ат спорты ойындарында жастар белсенділік танытты. Дәлірек айтсақ, қазақша күресте 70 келіге дейін салмақ дәрежесінде қыздар арасында бірінші орынды жақсыбайлық Дәрия Жәрдемова алса, ерлер арасында аталған ауылдың тұрғыны Балтабай Айдарханов I орынға ие болды. Ал 70 келіден жоғары салмақта қыздардан ақобалық Жансая Ахметәлиева мен ерлерден ұзынкөлдік Ринат Әубекеров бірінші орындардан көрінді. Ләңгі тебуден Ұзынкөл ауылы бірінші орынға ие болса, қымыз ішуден Тау ауылы алға шықты. Өгіз тартыстан таулық Нұрхат Хамиев бірінші орынды иемденді. Асық атудан қыздар арасында Жақсыбай ауылы жақсы нәтиже көрсетсе, ерлер арасында Тау ауылы бір адым алға басты. Арқан тартыста да таулықтар оза шапты. Тоғызқұмалақ ойынында қыздар арасында бірінші орынды Зәуреш Сыдықова (Ұзынкөл) алса, ерлерден Сәкен Құндызбаев (Тау) ие болды. Ұлттық ат спорты ойындары аударыспақтан 70 келіге дейін және 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде I орынды сәйкесінше ақобалық Ержан Батырашев пен жәнібектік Мирас Берікбаев алды. Ал жамбы атудан Жәнібек ауылы ерекше көзге түсті. Жалпыкомандалық есепте I, II, III орындарды тиісінше Тау, Ақоба, Жақсыбай ауылдары өзара бөлісті. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан диплом мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Той Борсы ауылдық мәдениет үйінде ақынға арналған мерекелік концертпен ұласты. Шарада Ғ.Қараш атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қымбат Осатова мен аталған мектептің 10-сынып оқушысы Асылан Құзайыр баяндама жасады. Олар,  сондай-ақ облыстық және аудандық деңгейде Ғұмар оқулары дәстүрлі түрде өткізіліп, аудандық газеттің атауын «Ғұмар елі» деп өзгертуге ұсыныстарын білдірді. Әрмен қарай батыс өңірінде бұрын-соңды болмаған 100 шақырымдық бәйгесінің пресс-конференциясы өтті. Онда шабандоздар мен ат иелері таныстырылып, реттік нөмірлері табысталды. Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Орынбасар Ғилымов, аудандық ат спорты федерациясының президенті Арсен Кенжәлиев және Борсы ауылдық ат спорты федерациясының басшысы Марал Әбілов жүз шақырымдық бәйгенің бүге-шүгесін түсіндіріп, шабандоздарға сәттілік тіледі. Аттарды қадағалау үшін мәреге жеткенше төрт пункт орналасады, яғни Тегісшіл елді мекені, Қамысты, Тау ауылдарында және Жәнібекке 12 шақырым жерде фельдшер, ветеринариялық дәрігер, учаскелік инспектор және ауылдық округ әкімі аппараттарының мамандары отырады. Бәйгеге Маңғыстау облысы, Тасқала, Бөкей Ордасы, Қазталов, Ақжайық және Жәнібек аудандарының атбегілері қатысады.  Жүз шақырымдық бәйгенің жүлде қоры 2 млн. теңгені құрап отыр. Аттар мәреге жеткеннен дала қызықтары Жәнібек ауылында жалғасын табады.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ