15.10.2019, 10:54
Қараулар: 233
Бірыңғай «Адалдық сағаты» өткізілді

Бірыңғай «Адалдық сағаты» өткізілді

М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжі мен аудандық орталық ауруханада бірыңғай «Адалдық сағаты» өтті. Шараны аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов жүргізді. Жиналғандар алдымен қоғам дерті саналатын сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатындағы бейнероликті тамашалады.

-«Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ» немесе «Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді» негізімен өтіп жатқан «Адалдық сағатының» маңызы ерекше. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әрбір Жолдауында осы індеттің алдын алудағы мемлекеттің басты бағыттарын айқындап отырады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің сайлауалды бағдарламасында жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша күрес жүргізілетінін жеткізді. Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен өңіріміздің барлық жоғары оқу орындарында, мемлекеттік органдарда және әртүрлі еңбек ұжымдарында бірыңғай «Адалдық сағаттары» өтіп жатыр. Адалдық сабағында адалдық, парасаттылық, әділдік және сенім құндылықтарын насихаттау маңызды. Қоғамдық өмірдің барлық салаларына еніп кеткен бұл індеттің алдын алу үшін елімізде институционалдық және құқықтық база қалыптасқан. Тікелей Президентке бағынатын жаңадан құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызмет етуде. Жалпы, еліміздегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағыттында жасалып жатқан пәрменді шараларды Халықаралық ұйымдар жоғары бағалап отыр. Мәселен, «Транспаренси Интернэшнл» рейтингінде Қазақстан 31 ұпай жинап, жемқорлықтың төменгі деңгейі аймағына кірді. Бұл Қазақстанның рейтингте болған барлық уақытындағы ең жоғары көрсеткіш. Біз осы арқылы көршілес Ресей, Украина, Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан жоғары болып отырмыз.  Жалпы мемлекеттің өркендеуі сыбайлас жемқорлықсыз даму бағытында барлық тиісті шараларды қабылдауда. Бұл мақсатқа жету үшін ең алдымен өскелең ұрпақтың тәрбиесіне көңіл аудару маңызды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы 21 тамызда өткен «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінде жоғары оқу орындарында студенттер сессияны жабу, жатақханадан орын алу үшін пара беретіндігін жеткізіп, білімді ақшаға сатып алатын жастардың болашағы толғандыратынын айтып өтті. Білім саласында орын алған келеңсіздіктерді анықтау мақсатында Елбасы жоғары оқу орындарында тексеріс жүргізіп, нәтижесін қауіпсіздік кеңесінде қарауды тапсырды, – деді Жақсылық Каримоллаұлы.

Осындай «Адалдық сағаттары» дәстүрлі түрде өткізіліп, жас буынның рухани болмысын кемелдендіру үшін жыл бойы жалғасатын болады. Жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруы үшін мұндай шаралар өте қажет.

Гүлзара МӘДИ