16.10.2019, 15:27
Қараулар: 240
Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігі мол

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігі мол

Жәнібек аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығына орай мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында аудандық спартакиада өткізілді. Шарада сөз алған «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиев жыл сайын өткізілетін қайырымдылық айлығы мен күнделікті өмірде мүмкіндігі шектеулі жандарға әрдайым көмек көрсетіліп отыратындығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалғаннан кейін спартакиадаға қатысушы командалар таныстырылды. Сайыста мүмкіндігі шектеулі жандар қызықты эстафета, қол күресі, асық ату, дойбыдан өнерлерін ортаға салды. Спартакиаданың қорытындысы бойынша дойбыдан I, II, III орындарға сәйкесінше Гүлсезім Арыстанғалиева, Расул Болат және Қантым Ғұмарова ие болды. Асық атудан бірінші орынды Құдайберген Сұлташев алса, екінші және үшінші орындарды Виктор Кажанов пен Жарқын Ғаббасов өзара бөлісті. Қол күресінен Салық Әбілхалықов, Жұмаш Томпышев және Жамбыл Исатаев I, II, III орындарды иемденді. Қызықты эстафетада бірінші, екінші, үшінші орындарды «Жалын», «Қайсар», «Достар» командалары бөліссе, «Тұлпар» командасы белсенділігімен көзге түсті. Жарыста Нұрлыбек Жұмашев «үздік ойыншы» аталымымен марапатталды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға диплом және естелік сыйлықтар табыс етілді.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ