18.10.2019, 15:37
Қараулар: 253
Түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Аудан әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловтың төрағалық етуімен жиын өтіп, күн тәртібінде «Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау бойынша ақпараттық-түсіндіру туралы» мәселе қаралды. Жиынға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдаш Ысқақова, осы басқарманың әлеуметтік бағдарламаларды мониторингілеу бөлімінің басшысы Талғат Мурзанов пен әлеуметтік көмек бөлімінің бас маманы Гүлнара Нуридинова, сондай-ақ ауылдық округтердің әкімдері мен учаскелік комиссия мүшелері, әлеуметтік сала қызметкерлері қатысты.

-Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған биылғы Жолдауында әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту бағытында мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті. Атаулы әлеуметтік көмек жүйесі ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. АӘК тұрмысы төмен отбасыларға беріледі. Егер отбасындағы табыс мөлшері кедейшілік шегінен аспаса, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Сонымен бірге облыс бойынша табысын жасырған отбасылар да анықталып отыр. Олар мемлекеттік кірістер басқармасы арқылы тексеріліп, артық төленген қаражаттар қайтарылуда. Осы ретте ауылдық округтердің әкімдері учаскелік комиссиялардың құрамын қайта қарап, олардың жауапкершілігін арттырулары керек. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, атаулы әлеуметтік көмек берудің әдісі өзгереді. Табыс көлеміне қарамай төрт немесе одан да көп баласы бар отбасыларға АӘК тағайындалады. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қосымша жәрдемақы беріледі. Ол үшін отбасында еңбек етуге жарамды азамат болса, міндетті түрде жұмыс істеуі тиіс. Сонымен бірге кірісі аз отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік көмек беріледі. Осыған орай жұмыс тобы құрылып, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек, — деді күн тәртібіндегі мәселеге байланысты жан-жақты түсінік берген Ділдаш Салауатқызы. Содан кейін ол жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Жиынды қорытындылаған Жақсылық Каримоллаұлы келген қонақтарға қатысушылар атынан алғысын білдірді.

А.ЕСІРКЕПОВ