24.10.2019, 15:04
Қараулар: 194
Тоғыз айда 32 арыз түсті

Тоғыз айда 32 арыз түсті

Аудан әкімдігінде облыстық сот судьясы қатысуымен жиын өтті. Басқосуға Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Махамбет Бақтығұлов, аудандық соттық төрайымы Әсел Жамантаева, мекеме және ұйым басшылары, үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Жұбаныш Хайруллин ашып, жүргізіп отырды.

Сөз аудандық соттың төрайымы Әсел Жұмағұлқызына беріліп, ол өз кезегінде сот жүйесінде ағымдағы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар мен енгізілген өзгерістер туралы слайд арқылы баяндама жасады. Оның айтуынша, «Түнгі сот» жобасы арқылы тоғыз айда 15 әкімшілік іс қаралды. Сонымен қатар үш тоқсанда неке бұзу туралы 32 арыз түсіп, оның 6-уы аудан медиаторларының көмегімен қысқартылып, арыз берушілер өзара татуласты. Сондай-ақ медиаторлардың қатысуымен сотта 5 азаматтық, 12 қылмыстық және 33 әкімшілік іс қысқартылды. Өз кезегінде облыстық соттың судьясы Махамбет Сапарұлы сот жүйесіне енгізілген өзгерістердің халық үшін оңтайлылығын айтып, түрлі жасалып жатқан құқықбұзушылықтарға тоқталды. Мысалы, 9 айда облыс аумағында сыбайлас жемқорлық бойынша 21 үкім қаралып, 23 тұлға жауапкершілікке тартылды. Жауапкершілікке тартылғандардың ішінде кәсіпкер, мемлекеттік қызметші, полиция бар. Жиналысқа қатысушылардың атынан аудандық қоғамдық кеңестік төрағасы Бекет Әліпқалиев тақырыпқа орай өз ойымен бөлісіп, келген мейманға алғысын білдірді.

Г.МӘДИ