29.10.2019, 18:18
Қараулар: 228
Жәрмеңке оздырылып, марапат табыс етілді

Жәрмеңке оздырылып, марапат табыс етілді

Жәнібек ауылының орталық алаңында ауыл шаруашылығы күніне орай кең көлемді жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда Ұзынкөл, Талов, Тау, Жақсыбай, Борсы ауылдық округтерінен төрт ірі қара, бес қой әкелінді. Сонымен қатар құрт, май, сүт, ірімшік, картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат өнімдері де қолжетімді бағамен сатылды. Орал қаласынан арзан бағамен әкелінген 5 тонна өнім өтімді болды. Қоржындарын мал өнімдері мен азық-түлікке, көкөністерге сықа толтырған тұтынушылардың қарасы қалың.

Жәрмеңке аяқталғасын аудандық мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы күніне байланысты және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  бағдарламалық мақаласы ауқымында «Жомарт жүрек» сыйлығын табыстау рәсімі оздырылды.

— Құрметті жерлестер, ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері!  Ауыл шаруашылығының еліміздің экономикасында алар орны ерекше екені баршамызға мәлім. Бұл саланы ұдайы басты назарда ұстап, оның жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалып келеді. Ауыл шаруашылығын дамыту бойынша үкімет тарапынан көрсетіліп келе жатқан қолдауды ауданымыздағы шаруа қожалықтары кеңінен пайдалануда. Олар мал басы санын арттырып қана қоймай асылдандырып, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуда. Атап, айтқанда, жыл басынан 27 шаруа қожалық 72 млн. 900 мың теңгеге 27 бірлік күн батареяларын қондырып, 58 млн. 320 мың теңге субсидия алды. 29 шаруа қожалық 62 млн. теңгеге 31 бірлік құдық соқтырып, 49 млн. 600 мың теңге көлемінде субсидияға ие болды. Сондай-ақ 48 шаруа қожалығы 28 млн. 800 мың теңгеге 48 бірлік тұрақты ток тарту агрегатын саудалады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы шеңберінде аудан бойынша биыл меценаттардың көмегімен жүзеге асырылған біраз жобалар бар,-деді аудан әкімі Азамат Сафималиев құттықтау сөзінде.

Аудан экономикасы мен ауыл шаруашылығын дамытудағы қосқан үлесі үшін «Үздік адамдар» халықаралық энциклопедиясының I дәрежелі дипломымен мемлекетаралық сараптама кеңесі президиумының ұсынысы негізінде «Агроөндірістік кешені» аталымы бойынша «Ерлан» шаруа қожалығы жетекшісі Боранбай Айтқалиев пен  «Үміт» ШҚ жетекшісі Ерлан Қуанышқалиев арнайы төсбелгімен марапатталды. Сонымен қатар үздік бақташы, үздік шопан, үздік механизатор, ветеринария саласының үздігі, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, ауыл шаруашылығы өнімінің үздік экспорттаушысы, цифрландыру әдісін меңгерген үздік шаруашылық, ауданның ауыл шаруашылығы саласының үздік инвесторы, ауыл шаруашылығы саласының үздігі аталымы бойынша Самат Хамиев, Азамат Бимұқанов, Замир Шынақаев, Мирболат Теміров, Әділ Нұртаев, Жасұлан Рахматуллин, Амангелді Нығметов, Роман Жұмағалиев, Берік Бекқалиев ие болды. Борсы ауылдық округі «Мұқас» ШҚ жетекшісі Бақытжан Ысқақов, «Ғазиз» ШҚ жетекшісі Серік Дәулетов, Ақоба ауылдық округіндегі «Сапаров» ШҚ жетекшісі Нұрлыбай Сапаров, «Мәдина» ШҚ жетекшісі Алмагүл Мұхамбетова,  «Қасен» ШҚ жетекшісі Биболат Шагиров, «Бибі» ШҚ жетекшісі Бейбіт Дауымов, «Бекнұр» ШҚ жетекшісі Жамбыл Сабыров, Бауыржан Фазылов, «Томирис» ШҚ жетекшісі Артур Осатов және «Нұрберген» ШҚ жетекшісі  Ербол Бақаевқа «Жомарт жүрек-2019» сыйлығын салтанатты түрде табыс етілді. Сондай-ақ Қамысты ауылдық округінің 1989 және 1999 жылғы мектеп түлектері «Жомарт жүрек» аталымымен марапатталды. Мерекелік шарада ұлы ғұлама Ғұмар Қараш бабамыздың 145 жылдығына орай өткен  90 шақырымдық  «Ұлы аламан» бәйгесіне демеушілік көрсеткен Маралбек Абилов, Саят Ахметов, Арман Малаев, Рамазан Қуанышқалиевтарға алғысхаттар табысталды.

Шарада аудан көркемөнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұрала би билеп, күй шалқытты.

Лаура ҚАЛЫ,

Суреттерді түсірген Асылжан Тұяқов 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар