31.10.2019, 9:42
Қараулар: 207
Көшпелі отырыстағы көшелі әңгімелер

Көшпелі отырыстағы көшелі әңгімелер

Талов ауылдық округіндегі Ғ.Сарыбаев атындағы орта мектеп-балабақша кешенінде аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Отбасылық құндылық – сыйластықта, береке мен бірлікте» тақырыбында  көшпелі отырыс өтті.

Дөңгелек үстел түрінде өткен басқосуға «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Елемесова, аудандық аналар кеңесінің мүшесі Гүлзина Ғұсманова, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Еділ Елемесов және Жәнібек ауылдық округі әкімінің орынбасары Ләззат Абдолова, Борсы, Күйгенкөл ауылдық округтерінің әкімдері Айгүл Бекқалиева мен Әлия Оспанова, сондай-ақ басқа да ауылдық округтердегі әйелдер кеңесінің төрайымдары мен мүшелері, көпбалалы аналар қатысты.

Отырысты аталған мектептің директоры Серік Сидағалиев кіріспе сөзбен ашып, аналар кеңесінің жұмысына сәттілік тіледі. Дөңгелек үстелге қатысушыларға алдымен тренинг ұйымдастырылды. Төрт топқа бөлінген қатысушылар алған тақырыптары бойынша өз жобаларын таныстырып, оны сәтті қорғап шықты.

-Талов ауылдық аналар кеңесінің өзіндік құрылу себебін айта кетейін. Ол жас келіншектер мен орта жастағы аналардың ауылда тасаттық беруге байланысты 2017 жылдың қыркүйек айында құрылған болатын. Кейін оның төрайымы, хатшысы мен мүшелері сайланды. Халықаралық әйелдер күніне орай мектепте «Ана – қоғам байлығы» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Ораза айт мейрамында кеңес мүшелерінің қолға алуымен ораза тұтқан жамағатқа мешітте ауызашар берілді. Осы ретте айта кетер жайт, аналар кеңесінің мүшелері, өз еріктерімен қолұшын беруге әзір тұратын ауыл әйелдері жыл сайын мешітті әктеу, айналасын тазарту жұмыстарын өз міндеттеріне алап отыр. Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ауылымыздың тұрғындары орыс және башқұрт ұлтының өкілдері Галина Ботова, Миляуша Абдуллинамен кездесу өткізілді. Аудан орталығында оздырылған жас отбасылар шарасына ауылымыздан жаңадан шаңырақ көтерген Қайрат пен Іңкәр қатысып қайтты. Сондай-ақ кеңес мүшелері, ардагер ұстаздар мен көпбалалы аналар ауылдық округтерде өтетін аудандық аналар кеңесінің басқосуларына тұрақты түрде қатысып тұрады, — деді жыл ішінде атқарылған жұмыстар туралы есеп берген ауылдық аналар кеңесінің хатшысы Қымбат Жолдыбаева. Сонымен бірге күн тәртібіндегі мәселеге қатысты аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, таловтық Айгүл Абдуллинаның да хабарламасы тыңдалды.

Дөңгелек үстел барысында оған қатысушылар бетперде артындағы «жұмбақ кейіпкермен» тілдесуге мүмкіндік алды. Онда өмірден көргені мен түйгені мол асыл әжелер мен көпбалалы жас аналар ұл баланың тәрбиесі, отбасындағы әкенің рөлі, шаңырақты шайқалтпай сақтап қалу, ұрпағымызды жан-жақты жетілген, қоғамға пайдасы тиетін адам ретінде тәрбиелеу, рухани-адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіру, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық, отбасылық құндылықтарды жоймау хақында әңгіме өрбітіп, өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ Тау ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Риза Сағынаева «Некені нығайту үшін не істеу керек?» деген тақырыпта бозбала мен бойжеткеннің отбасылық өміріне қатысты айтқан ақын Шолпан Қыдырниязованың өнегелі сөздерін көпшілікке талдап жеткізді. Өзімен бірге келген ауылдастарымен бірлесіп, ерлі-зайыптылар арасындағы бір-біріне бала сыйлауға байланысты шағын көріністі жиналғандар назарына ұсынды.

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ