14.11.2019, 17:25
Қараулар: 326
Жолаушылар тасымалы сөз болды

Жолаушылар тасымалы сөз болды

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалында Ресей темір жолының мәселесіне байланысты жиын өткізіліп, оған Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшының орынбасары Қазбек Менеев, Жәнібек-Коммунистік разъез бағытындағы станса бастығы Жанна Сайғынова, аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов, «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиев, аудандық ардагерлер және Қоғамдық кеңестің төрағалары Амангелді Уәлиев пен Бекет Әліпқалиев, Батыс өңірлік басқармасының шекаралық бақылау бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Талғат Шаймарданов, 2036 әскери бөлімінің бастығы Тимур Тайсингиров қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов жүргізді.

Басқосуда облыс әкімі Ғали Есқалиев пен «Ресей темір жолдары» және «Приволжск темір жолдары» АҚ-ның бастығы Сергей Альмеевтің кездесуінде ауданнан ұсынылған төрт мәселені талқылады. Нақтырақ айтсақ, Жәнібек стансасына тоқтайтын Басқұншақ-Палласовка маршруты бойынша жолаушылар тасымалын қалпына келтіру, шекара қызметінің 2036 әскери бөлімі арқылы жолаушыларға шекаралық тексеруді ұйымдастыру, Жәнібек ауылындағы станса маңынан ауылдың батыс бөлігіне өтетін жаяу жүргіншілер жолына бағдаршам орнату және Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы республикалық автомобиль жолын күрделі жөндеу кезінде жол құрылысына қажетті материалдардың тасымалын ұйымдастыру үшін Жәнібек стансасына арнайы 1 локомотив бөлуді қарастыру талқыланды. Жиналыста сөз алған Жанна Сайғынова айтуынша, жолаушылар пойызын стансаларға тоқтату үшін «Ресей темір жолдары» АҚ, Волгоград облысы және Қазақстан бірігіп, бұған жұмсалатын шығынды бюджет арқылы мүдделі аудан, облыс басшылары есептеу мәселесін қарастыру қажет.

Жиында қаралған мәселелер бойынша ұсыныстар айтылып, арнайы хаттама толтырылып, облыс басшысына ұсынылуға тапсырылды.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ