22.11.2019, 10:25
Қараулар: 399
4 қылмыс ашылды

4 қылмыс ашылды

Ағымдағы жылы 11-13 қараша күндері аралығында мал ұрлығы қылмысының алдын алу, ашу, аталған қылмыспен айналысып жүрген қылмыстық топтарды ұстау бойынша аудан аумағында «Мал ұрысы» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп, оған аталған жедел алдын алу іс-шарасы барысында аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы арасынан 14 қызметкер жұмылдырылды. Сонымен қатар аудан бойынша ветеринариялық бақылау және қадағалау бөлімінен 1 қызметкер іс-шараға қатыстырылды. Аудандық полиция бөлімі криминалды полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Амандық Жақсығалиевтің айтуынша, іс-шара барысында барлығы 5 тұлға мал ұрлағаны үшін ұсталды. Оның ішінде 1 қылмыстық топ анықталды. 3 автокөлік ет өнімін Орал қаласына тасымалдап бара жатырған уақытта тоқтатылып, заңдылығы тексерілді. 2 ет өнімін сату орындары және 17 тұлға мал ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғаларға тексеру жұмыстары жүргізілді.

-Жедел алдын алу іс-шарасы барысында барлығы 4 қылмыс ашылды. Нақтырақ айтқанда, ағымдағы жылдың 11 қараша күні аудан тұрғыны М. есімді азамат 1 бас мал ұрлағаны үшін ұсталды. Сондай-ақ 8-15 қыркүйек күндері аралығында белгісіз тұлғалар Бөкейорда ауданының еркін жайылымынан 1 бас жылқы малын жасырын ұрлап, оқиға болған жерден бой тасалаған. Аудан көлемінде қылмысты ашуға бағытталған жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Жәнібек ауданының А. және Г. есімді азаматтары ұсталып, қылмыстық іс аудандық сотқа жолданады. Сонымен қатар 11 қараша күні Жәнібек ауданының тұрғыны С. есімді азамат бір ірі қара малды еркін жайылымнан ұрлап, оқиға болған жерден бой тасалаған.  2018 жылдың 20 қараша мен 1 желтоқсан күндері аралығында белгісіз біреулер Ұзынкөл ауылдық округінің еркін жайылымынан 1 бас қызыл түсті ірі қара малын ұрлаған. Аудан көлемінде жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында К. есімді азамат ұсталып, жасаған қылмысын мойындады, — деді полиция капитаны.

Қазіргі таңда аудан көлемінде ашылмаған мал ұрлығы қылмыстарын ашуға бағытталған жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Аталған бағыттағы қылмыстардың ашылуы өткен жылмен салыстырғанда жоғары деңгейде өтуде.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ