28.11.2019, 17:07
Қараулар: 142
Ғұмар оқулары оздырылды

Ғұмар оқулары оздырылды

 

Аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен облыстық II «Ғұмар оқулары» шығармашылық байқауы өтті. Байқау ұлы ойшыл Ғұмар Қараштың туғанына 145 жыл толуына орай және оның шығармашылығын насихаттап, өлеңдерін мәнерлеп оқыту арқылы жеткіншектердің туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға арналды.

Шара алаштың айбоз ұлы, Жәнібек жерінің төл перзенті, ақын, ойшыл, журналист Ғұмар Қараштың аудан орталығындағы ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен басталды. Бұдан әрі аудандық мәдениет үйінің фойесінде ақынның шығармашылығынан сыр шертер «Қараңғылық түнегін түрген шамшырақ» атты кітап көрмесі тамашаланды.

Сахнаға аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов көтеріліп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Аудан тұрғыны, зейнеткер Меңсұлу Жұмақұлова өзінің шығарған өлеңін тарту етті.

Ғұмар Қараш оқуларына Бөкей Ордасы, Қазталов, Жаңақала және Жәнібек аудандарының мектеп оқушылары қатысты. Айта кету керек, байқауға облыстың барлық аудандары шақырылған болатын. Былтыр ауа райының қолайсыздығынан келмесе, биыл жолдың алыстығы мен қолайсыздығы сылтау болды ма, әйтеуір, шақырылған меймандар келмей қалды.

Шараның бірінші бөлімінде ақынның жиырмаға жуық өлеңі жатқа мәнерлеп оқылса, екінші бөлімінде жас ақындардың Ғ.Қарашқа арнап шығарған жыр жолдарына кезек берілді. Екі бөлім бөлек-бөлек бағаланды.

Сайыста 21 оқушы бақ сынады. Әділқазылар алқасының шешімімен мәнерлеп оқу бойынша Арман Нұрмұқан (Жәнібек) бас жүлдені алса, I орынды Нұрлы Сабырғали (Жәнібек), II орынды Жансәуле Меңдібай (Қазталов) мен Ермұқан Ерболат (Жәнібек), III орынды Мерхат Қарадаев (Қазталов) пен Ұлзада Дидарқызы (Бөкей Орда) иеленді. Жас ақындар бөлімінде бірінші орынға Әлия Өтебалиева (Жаңақала), екінші орынға Айсана Дайырғали (Жәнібек) мен Дастан Ерсай (Жәнібек), үшінші орынға Римма Рысқалиева (Жаңақала) мен Аружан Ахонова (Қазталов) ие болды. Сонымен қатар «Жеңіс жігері», «Үкілі үміт», «Көрермен көзайымы», «Жаңа есім», «Ақын жолында» аталымдарымен сәйкесінше Гүлназ Амангелді (Жәнібек), Аружан Қуанова (Жаңақала), Сабина Мұстафина (Қазталов), Дильназ Ғалымова (Жәнібек) және Мәдина Махметова (Жәнібек) марапатталды. Жүлдеге ие бола алмай қалған қатысушылар белсенді қатысқаны үшін және оқушыларға жетекшілік еткен мұғалімдер алғысхат пен естелік сыйлыққа ие болды. Шара соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов пен аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев облыстан келген меймандарға, яғни облыстық халық шығармашылығы орталығы ақпарат, басылым және жарнама бөлімінің басшысы Айгүл Орынғалиева мен  Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы Шолпан Қошетоваға жылы лебіздерін білдіріп, естелік сыйлық табыс етті.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ