23.01.2020, 18:31
Қараулар: 221
Эстафета Жәнібекте

Эстафета Жәнібекте

 

Бүгін көршілес Бөкей Ордасы ауданы «Тұңғыш Президент жолымен» Халық  экспедициясы эстафетасын Жәнібекке салтанатты түрде табыс етті.

Жиын басталмас бұрын орталық алаңдағы Ғұмар Қараш ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Эстафетаны тапсыру рәсімі бір мезетте бес диалогтық алаңда өтіп, облыстан келген этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенді мүшелері Елбасының орны, елдің дамуына қосқан үлесі және облыстық ассамблеяның жұмысындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Аудандық әкімдікте өткен бірінші  диалогтық алаңда Қазақстан халқы ассамблеясының БҚО бойынша төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов «ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы мен БҚО ҚХА этномәдени бірлестіктерінің Ассамблеяның жұмысына қосқан үлесі мен бүгінгі таңда қол жеткен нәтижелері туралы» айтты. Жиында алғаш сөз алған аудан басшысы Азамат Сафималиев аталмыш экспедицияның маңызына тоқталды. Өз кезегінде Бөкей Ордасы ауданы әкімі Нұрлан Рахымжанов екі ауданның тарихы бірдей, тағдырлас екенін баса көрсетті. Сондай-ақ, Бөкей Ордасындағы Ассамблея ұйымының жұмысымен, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Осы сәтте екінші диалогтық алаңда ақсақалдар кеңесінің белсенді мүшелері «Ата сөз – бата сөз» тақырыбы төңірегінде ой қозғады. Басқосуға БҚО әкімі аппаратының қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Медхат Қамбетов, аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, Бөкей Ордасы аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков, Бисен ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Хайролла Сабыровтар қатысты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Амангелді Уәлиев жүргізген жиында ақсақалдардың жас ұрпақты тәрбиелеудегі негізгі бағыттары, қоғамдағы түйіткілдерді шешудегі ақсақалдар рөлі туралы келелі ойлар талқыланды. Өз кезегінде Медғат Мұсаұлы Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесінің атқарған қызметін үздік деп танып, жұмыстарын облыстық деңгейде тарату керек деген ұсынысын білдірді.

Үшінші диалогтық алаңда аналар кеңесінің белсенді мүшелері кітапханада бас қосып, «ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында және «рухани жаңғыру» бағдарламасында белгіленген  міндеттерді шешудегі  БҚО ҚХА аналар кеңесінің атқарылған жұмыстары мен мәселелерін  талқылау» тақырыбын талқылады. Кеңеске БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ Этносаралық қатынастар саласын талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Әсия Жумина, Бөкей Ордасы ауданы әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, Бөкей Ордасы аудандық аналар кеңесінің, «Нарын шуағы» ҚБ төрайымы Гүлжан Бисекенова қатысты. Кеңесте «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Елемесова аудандағы әйелдер қауымының белсенділігі, аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, ауылдық округтердегі аналар кеңесінің жұмыстарына тоқталды.

Төртінші диалогтік алаңда «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту Елбасының тарихи рөлі» тақырыбы аясында ой өрбіді. Дөңгелек үстелге БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Жамал Ихсанова, Бөкей Ордасы аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов, Бөкей Ордасы аудандық мұрағат директоры Қуаныш Елемесов, Хан ордасы музей-қорығының директоры, Орда ауылдық округінің қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ғайса Махимов қатысты. Жиынға қатысушылар қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бойынша Ассамблея институтын және Елбасының саясатын одан әрі дамыту туралы сөз болды.

Бесінші диалогтық алаңда белсенді қоғамдық медиаторлар медиацияны дамыту, насихаттау, отбасы құндылығын бағалау, медиация туралы заңға өзгеріс енгізу тағы да басқа мәселелерді баян етті. Жиында облыстық «Татуласу» орталығының басшысы Алуа Ракишева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова сөз сөйледі.

Маңызды жиындардан соң аудандық мәдениет үйінде Бөкей Ордасы ауданының көрмесі тамашаланып, бөкейлік өнерпаздардың мерекелік концерті өтті. Шара соңында Бөкей Ордасы ауданы әкімі Нұрлан Рахымжанов Жәнібек ауданы әкімі Азамат Сафималиевке «Тұңғыш Президент жолымен» Халық  экспедициясы эстафетасын табыстады.

Ә.ҚУАНҒАЛИЕВА